18 там, 2021 сағат 10:20

Ауған вице-президенті Амрулла Салех тәліптерге "бас имейтінін" айтты

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани тұсында вице-президент атанған Амрулла Салех. 2 тамыз 2021 жыл.

"Талибанның" елді басып алуымен биліктен кеткен ауған үкіметінен тек бір адам ғана "тәліп билігіне ешқашан бас имейтінін", Ауғанстанда қала беретінін мәлімдеді. Ол – Панжшер уәлаятының тумасы, елден қашқан ауған президенті Ашраф Ғанидің тұсында вице-президент атанған Амрулла Салех.

"Ауғанстанның қазіргі конституциясына сай, президент жоқ болғанда, қашқанда, отставкаға кеткенде не қайтыс болғанда, бірінші вице-президент президент міндетін атқарушыға айналады. Мен дәл қазір елдемін және заңды түрде президент міндетін атқарушымын. Барлық лидерден маған жан-жақты қолдау білдіруді сұраймын" деп мәлімдеді ол.

16 тамыз күні Би-би-си тілшісі Ялда Хаким Амрулла Салех пен Ахмад Масудтың бірге түскен суретін жариялап, оның астына Ауғанстанда тәліптерге қарсы жаңа коалиция құрылуы мүмкін екенін жазды.

Ахмад Масуд – 1980-1990 жылдары ауған моджахедтерінің лидері, дала командирі және қорғаныс министрі болған Ахмад Шах Масудтың ұлы. Ол "Талибан" қозғалысына (Қазақстанда тыйым салынған) қарсы күш жинай бастады. Бұл туралы Ахмад Масудтың La Règle du Jeu француз журналына жолдаған хатында айтылады. Журналдың иесі – танымал жазушы әрі философ Бернар-Анри Леви. Ол кіші Масудтың әкесімен дос болған. Ахмад Шах Масудты 20 жыл бұрын "әл-Қаида" лаңкестері өлтірген.


Масудтың айтуынша, Панджшер провинциясы қарсылық орталығына айналған. Ол сол жерге барып, өзін елдің уақытша басшысы деп жариялаған. Онда Ауғанстанның вице-президенті Амрулла Салех те бар. Панжшер - "Талибан" бақылауына кірмеген жалғыз аймақ. Ол Кабулдан солтүстікке қарай 120 шақырым жерде орналасқан.


Ақпарат көздеріне сілтеме жасаған БАҚ мәліметінше, қазіргі уақытта Панжшерге 10 мың жауынгер жіберіліп жатыр, оның ішінде бұрын Өзбекстанға қашқан маршал Абдул Рашид Достумның күштері де бар.


Ахмад Масудтың хаты:


"Ауғанстанда күш көрсету басым. (...) Бәрі осымен бітті ме? Жоқ.


Әкем - командир Масуд, біздің ұлттық батыр, маған мұра қалдырды және бұл мұра - ауған бостандығы үшін күрес. Бұл - енді менің күресім. Мен және менің серіктерім қанымызды беруге дайынбыз. Біз барлық азат ауғанды, құлдықтан бас тартқандардың бәрін Панжшерге қосылуға шақырамыз. Барлық аймақ пен тайпа жұртына айтарым: бізбен бірге соғысыңдар! Шетелде тұратын, бірақ жүрегімізге жақын ауғандарға айтарым: сіздің Панжшерде әлі берілмеген отандастарыңыз бар екенін біліңіз. Бізге бостандық үшін күресте көмектескен басқа елдерден сұрарым: "Қымбатты достар, бізге тағы бір рет, бұрынғыдай көмектесе аласыздар ба?" Кейбіреудің сатқындығына қарамастан, біз әлі де сенеміз".


Ахмад Масуд 1940 жылғы Еуропаны ауғанның қазіргі жағдайымен салыстырды. Елдің жеңілісі, Панжшерді қоспағанда, аяқталды, ал жеңілгендер өз қателіктерінен тәліптермен ынтымақтастықты бастайды.


"Бүгін мен генерал де Голль француз әскері жеңілгеннен кейін не айтқанын ойладым: "Франция ұрыста жеңілді, бірақ соғыста емес". Біз, ауғандар, тіпті шайқаста жеңілген жоқпыз, өйткені Кабул соғысқан жоқ. Біз бірге Ауғанстан тарихының жаңа бетін жазамыз. Құдайдың көмегімен біз жеңеміз", - деп қорытындылады ол.


РИА Новости дереккөзге сілтеме жасай отырып, қазіргі уақытта вице-президент Амрулла Салехтің күштері Панжшерде "Талибан" қозғалысымен соғысып жатқанын және Кабулдың солтүстігіндегі Парван провинциясындағы Чарикар аймағын содырлардан қайтарып алғанын жазды.