09 қаң, 2018 сағат 07:54

Асанәлі Әшімов отандық сериал туралы ойын айтты

Соңғы кезде Ұлттық арна эфирінен берілген "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" сериалына қатысты дау өршіп тұр. Осы мәселеге қатысты Ult.kz тілшісі қазақ киносының қара нары Асанәлі Әшімовтің пікірін білген еді. 

- Орыстарда «Первый блин комом» деген сөз бар. Баяғыда біздің қазақ киносы да дәл осы «Қозы Көрпешпен» басталған, ол бірақ фильм-спектакль еді. Оның да деңгейі төмен болатын. Актерлардан театрлықтың желі естетін, бірақ ол тарих болып қалды.

Бұны бүгін анық бағамдап отырмыз. Мысалы, сол Шолпандар, Шәкеңнің түсіруімен бірінші режиссерлық жұмысы еді. Сынға да түсті, артынан сөз де ерді. Алайда әр жағы түзелді. Сол сияқты, көш деген жүре түзеледі дейді. Мен өз басым «Қазақстан» арнасына сүйіспеншілікпен қараймын. Соңғы хабарларды да сол жерден көріп-біліп отырамын.  Кәсіби, сапалы дүниелер беріп келеді. Жалпы, бастама, талпыныс дұрыс.

Мен жігіттерге ылғи айтып отырамын. Мысалы, ұлы классик Абай туралы кітаптың өзінде қаншама материал бар. Елдің дәстүрі, салты, халықтың мінез-құлқы, тарихы, мәдениеті бүкіл бір романға сиып тұр ғой. Осыменен-ақ әлемге қазақтың болмыс-бітімін, мәдениетін көрсетуге болады. Осыны шетінен түсірсе, 50-60 сериядан тұратын үлкен эпопея болады. «Великолепный Сүлеймен», «Богатые тоже плачут» дегендерді қарайды елдің бәрі. Бұл туындылар несімен ел ықыласына бөленді? Бұнда халықтың тағдыры, тарихы бар. Сол арқылы біз елдің елдігін, өсу дәуірін, қандай үлкен мәдениетінің болғанын біліп отырмыз. Сондықтан да елді танытатын, өткені мен бүнінін ұштастырған материалдар керек. Кішігірім хабарлар әркез бола береді. Ол уақыт талабы. Бірақ «Қазақстан» секілді арналарда эпопея болардай дүниелер болуы тиіс. Оған арнаның хәл-қадірі жетеді. Басшыларының да деңгейі соған жетеді деп ойлаймын.