22 сәу, 2022 сағат 11:30

Антикор Кәрім Мәсімовтың інісіне іздеу жариялады


Полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімов пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады.

"Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Павлодар облысы Полиция департаментінің экс-бастығы полиция генерал-майоры Мәсімовке қатысты аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен соталды тергеуді бастады (Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша).

Осы факт бойынша оның іс-әрекеті сырттай сараланып, тергеу соты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасымен санкциялады", - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта Мәсімовке іздеу жарияланған.

"Іс бойынша оның орналасқан жерін анықтау бойынша қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары және істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған басқа да тергеу іс-әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті іс жүргізу шешімі қабылданады", - делінген хабарламада.

Өзге ақпарат Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.

Айта кетейік, 2022 жылдың қаңтарында Нұрлан Мәсімов Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылған. 48 жастағы Нұрлан Мәсімов департаментті 2019 жылдың қарашасынан бері басқарған.