Фото: slavyansknakubani.bezformata.com
Қазақстан алкогольді тұтыну деңгейі жоғары елдердің қатарында. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылдың басындағы мәліметі бойынша, наркологиялық диспансерлерде маскүнемдік диагнозымен 90 мыңнан астам адам есепте тұр, оның ішінде 100-ден астамы кәмелетке толмағандар. Дегенмен, мәселенің нақты ауқымы әлдеқайда үлкен, өйткені тәуелділіктен зардап шегетін көптеген адамдар статистикадан тыс қалады. Осы орайда Ult.kz тілшісі «Қазақстанның анонимді алкоголиктері» туралы анықтап көрді.
АА деген не?
Анонимді алкоголиктер (AA) – 90 жыл бойы адамдарға алкоголизммен күресуге көмектесетін халықаралық қауымдастық. Бұл қауымдастық ішуді тоқтатқысы келетін және өмірін өзгерткісі келетіндерге тегін және анонимді қолдау көрсетеді.
1935 жылы АҚШ-та негізі қаланған Анонимді маскүнемдер бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамдарға сауығудың ең тиімді әдістерінің бірі - 12 қадам бағдарламасын пайдалана отырып көмектеседі.
Фото: aaorg.kz
«АА - бұл өздерінің ортақ мәселесін шешу және басқаларға маскүнемдіктен арылуға көмектесу үшін бір-бірімен тәжірибелерімен, күшті жақтарымен және үміттерімен бөлісетін ерлер мен әйелдердің серіктестігі. АА мүшелігіне қойылатын жалғыз талап - ішуді тоқтату ниеті. АА мүшелері бастамашылықты да, мүшелік жарналарды да төлемейді. Бұл қауымдастық ерікті қайырымдылықтардың арқасында қаржыландырылады. AA ешқандай сектаға, сенімге, саяси қозғалысқа, ұйымға немесе мекемеге қатысы жоқ; қандай да бір мәселелер бойынша полемикаға түспеуге тырысады, ешкімнің мүддесін қолдамайды немесе қарсылық көрсетпейді. Ал басты мақсатымыз - байсалды болып, басқа маскүнемдердің байсалдылыққа жетуіне көмектесу», – дейді қауымдастық ұйымдастырушылары.
Қазақстандағы АА
АА Қазақстанда 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде республика бойынша 38 топ ашылып, Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Атырау және басқа да қалаларда жұмыс істейді. Кездесулер жеке де, онлайн режимінде де өткізіліп, барлығына қолдау көрсетіледі.
АА мүшелері тәуелділіктен айығып қана қоймайды, сонымен қатар отбасын қалпына келтіреді, толық өмірге оралады, жұмыс тауып, қоғамның белсенді мүшесі болады. Сондай белсенді азаматтың бірі – Ернар. Ол ішкілікке тәуелді болып, айына кемінде 30 л ішімдік ішетін болған. Алайда АА-ға мүше болып, өз өмірін өзгертіп, әлемге жақсы көзқараспен қарай бастапты.
«Мен ішкілікті тұтынған кезде минимум түк таппай қалған кезде күніне 1 л ішетінмін. Онда жылына емес, айына 30 л ішетінмін. Ал алкогольдің менің өміріме себебі мен салдары, себебі мен осы достастыққа келмей тұрып мүлдем ойланған емеспін. Өйткені мен өзімді ауру санаған жоқпын, ішкілікке тәуелдімін деп мүлде ойламағанмын. Оған қалай тәуелді болғанымды мен осы достастыққа келіп, достастықтағы 12 қадамдық сауығу бағдарламасын өту барысында ғана бұл тәуелділіктің ауру екенін түсіндім. Ал оның өміріме әсер еткені, мен де алдыңғы қатарлы отбасында өмірге келдім. Менде адам баласына қажеттінің бәрі болды. Керемет балалық шақ, студенттік өмір, қызмет, отбасылық өмір, бала, бәрі болды. Ал ішкіліктің салдарының кесірінен осының бәрінен айырылдым. Ең ақырында өз өмірімнен айырылу қаупіне дейін бардым. Міне, менің өміріме ішкіліктің салдары осындай.
Ащы суға тәуелділікті сырт адам түгілі, тәуелді адамның өзі аурумын деп ойламайды. Ал медицина бұны қолынан келгенше, бүкіл әлемдік деңгейде емдеу іс шараларын үздіксіз жүргізіп келеді. Ол белгілі бір адамдарға көмектесіп жатқан шығар. Ал мен сияқты созылмалы алкоголизмге ұшырағандарға медицина да, қазақылық ем шара да көмектесе алмауы мүмкін. Дәл сол сияқты мені де ішкіліктен ажырата алған жоқ.
Осы Анонимді алкоголиктер достастығына келіп, осы жерде 12 қадамдық сауықтыру бағдарламасының арқасында ғана мен өзімнің тәуелді екенімді, бұл тәуелділіктің ауру екенін түсініп, осы бағдарламаның арқасында бүгінгі таңда міне 4 жыл болды, ішкілікті татып алғаным жоқ. Ішкілік менің ауруымның симптомы, яғни белгісі ғана екенін түсіндім. Ал тәуелділіктің түбі бұл өзімшілдік екенін осы бағдарламаның арқасында түсіндім. Мен тек қана ішкіліктен арылып қана қоймай, қазір ешқандай ақшаға сатып алынбайтын баға жетпес байлық, жан тыныштығын таптым.
Қазір мен өмірді, қоршаған ортаны қалыпты қабылдап, осы әлемнің бір бөлшегі екенімді және осы әлемдегі кереметтерді сезіну, содан рахаттану, осы әлемге өз үлесімді қосу үшін жалпы өмір сүруден ләззат алуды үйрендім», – дейді Ернар.
Айта кетейік, 2025 жылдың басындағы мәліметі бойынша, наркологиялық диспансерлерде маскүнемдік диагнозымен 90 мыңнан астам адам есепте тұр, оның ішінде 100-ден астамы кәмелетке толмағандар екен. Зерттеулер бойынша ер адамдар үшін алкогольді тұтыну деңгейі жылына 25 литрді, әйелдер үшін – шамамен 9 литрді құрайды екен. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) соңғы жасаған баяндама-тезистерінде жыл сайын алькогольге құмар адамдардың екі жарым миллионнан (2,6 миллион) астамы қайтыс болады делінген.
Ақбота Мұсабекқызы