25 сәу, 2024 сағат 17:45

"Әлі де көмек күші керек": «Дала Қырандары» Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының студенттерін ерікті болуға шақырды


Фото: «Дала Қырандары»ЖҚБ

25 сәуірде «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі Астана қаласының Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының (APEMS) студенттерімен кездесіп, Батыс Қазақстан облысында су тасқынымен және олардың салдарымен күресу науқанына ерікті ретінде қатысуға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

Жиынға келген студенттер өз сұрақтарын қойып, ерікті ретінде қалай тіркелуге болатынын, қандай талаптар барын және қауіпсіздік мәселесін де сұрап жатты. Ұйымдастырушылар 18 жастан бастап еріктілерді өздеріне тіркей алатындарын және оларды іріктеу арқылы қабылдайтындарын баяндады. Төтенше жағдайдан зардап шеккен аймаққа барып, қол ұшын созатын жас азаматты қоғамдық бірлестік арнайы киіммен, жатын орын және тамақпен қамтамасыз етпек. 




Ұйымдастырушылар бірлестіктің міндеті мен мақсаты туралы айтып, су тасқынына қарсы күресте қандай шаралар атқарғандарын жеткізді.

"Біздің мақсатымыз жастарды жұдырықтай жұмылдырып, ел басына күн туса бірлік көрсете алатын, пайдалы іс тындыра алатын белсенді өскелең ұрпақты тәрбиелеу. Ата заңымызды "Отанын қорғау - Қазақстанның әр азаматының борышы" деп жазылған ғой. Яғни біз еліміздің патриоттары көп болса деген ниеттеміз. Біз спортта жүрген жастар бірігіп, осыдан бір жыл бұрын «Дала Қырандары» атты ұйым құрдық. Қазіргі уақытта ұйымға жетпістен астам жас азамат жиналған. Біз мүшелерімізді "Қырандар" деп атаймыз. Біз осы уақытқа дейін екі-ақ рет мүшелікке қабылдау жасадық, бірақ еріктілердің санын арттырып, ары қарай да ұйымға мүшелікке қабылдауды жалғастырамыз деген ойдамын. Қырандардың санын Астана бойынша 2000-ға дейін жеткізуге тырысамыз", -дейді бірлестік үйлестірушісі Дамир Бекбосынов.



«Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің Туризм және Спорт Министрлігімен меморандумы аясында су басқан Батыс аймаққа елімізге танымал спортшылар Фируза Шарипова, Данияр Елеусінов, Василий Тахтай, Ербол Хамитов, Бейбіт Ыстыбаев сияқты азаматтар ерікті ретінде барған. Ұйымдастырушылар "бұл жергілікті тұрғындарды жігерлендірді" дегенді айтып отыр. 
Дала Қырандарының еріктілері Орал қаласында болды және Зачаганск, Желаево, №1 және №2 саяжайлардың маңындағы үйінді бөгеттерді нығайтуға көмектескен. Бұл жұмыстарға жалпы 300-ден астам ММА, грек-рим және еркін күрес, грэпплинг, футбол, футзал және т.б. спорт түрлерінің спортшылары ерікті түрде жұмылдырылған.


Солардың бірі Қазақ күресінің палуаны Нұрғали Тұрсынғазиев Орал қаласында ахуал өте қиын, қол ұшын созатын еріктілер әлі де қажет екенін айтып отыр.

"Төрт күндей жұмыс істеп, қолдан дамбалар салдық. Алайда, өкініштісі олардың барлығын су шайып кетті. Әлі де көмек күші керек. Су тасқынынан кейін де ол жақта атқаратын жұмыстар болады. Тазалау жұмыстарымен айналысу керек. Неге десеңіздер қаншама зат ағып келіп жатыр. Күн демей, түн демей қызмет етіп жатқан жігіттер бар ол жақта. Жалпы Орал халқы өте ұйымшыл екен. Біз жұмыс істеп жатқан кезде өздерінің көмектерін көрсетіп, "шаршап қалмадыңдар ма?" деп шайларын алып келіп жатыр. Жастары өте мықты екен. Барлығы ұйымшыл. Әр түрлі бағыттағы жұмыстарға бөлініп алып, жұмысын көрсетіп жатыр. Қол қусырып отырған адам жоқ.  №2 саяжайды қазір толықтай су алып кетті. Өздеріңіз көріп отырған шығарсыздар. Су әлі де көтеріліп, қойған дамбаларымызды жырып кетіп жатыр. Бұл табиғи апат қой", -деген Нұрғали Тұрсынғазиев су басқан аймаққа қол ұшын созуға барған еріктілер көп екенін, алайда соның өзінде әлі де көмек қажет екенін жеткізіп отыр.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, «Дала Қырандары» ЖҚБ бір айдан бері  су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесіп жатыр.