Фото: ашық дереккөз
Ақтөбедегі мешітте болған даулы жағдайдан кейін танымал әнші Мирас Жүгінісов өзінің Instagram парақшасында мәлімдеме жасап, ағасы Рүстем Жүгінісовтің сөзіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ол ағасының айтқандары қоғамда резонанс туғызып, кейбір азаматтардың ренішін тудырғанын мойындады.
"Соңғы күндері ағамның айтқан пікірі қоғамда үлкен резонанс тудырып, кейбір жандардың көңіліне тиіп жатыр. Ол өз ойын білдірген жеке тұлға. Мен өз жолым, өз ұстанымым бар адаммын. Мен отбасымның әр мүшесін құрметтеймін, бірақ олардың жеке көзқарастары менің ойыммен әрдайым сәйкес келе бермейді. Сол үшін де кейбір кезде мәселелер туындайды. Оларды осылай айтып отырамын деп ойламадым. Не айтқым келгенін сіздер түсініп отырсыздар", – деп жазды Мирас.
Мирас Жүгінісов өзінің шығармашылығында әрдайым қыз баласына, жалпы адамға құрмет идеясын дәріптейтінін атап өтті.
"Менің шығармашылығым адамға құрмет жайлы. Нәзік жандыларға арналған әндерім де бар. Өйткені әйел адамның орны менің өмірімде ерекше. Бұл жағдайдан көңілі қалған барша жаннан кешірім сұраймын. Сіздердің сенімдеріңіз мен үшін өте маңызды", – деді әнші.
Рүстем Жүгінісов не деді?
Айта кетейік, бұрынырақта әншілік өнерімен танылған Рүстем Жүгінісов Ақтөбедегі мешітте болған даулы жағдайға қатысты өз пікірін білдірген болатын.
"Бір реттік немесе екі күндік неке деген дінде жоқ. Бұл – өтірік нәрсе. Адамдарды шатастырмау керек", – деді ол.
Осыдан кейін ол қыздар да ер жігіттердің "сөз айтуына" ықпал ететінін де тұспалдап жеткізді.
"Әйелдің мешіті – оның үйі. Ер адамдар мешітте намаз оқығаны дұрыс болса, әйелдерге үйде оқығаны абзал. Өздеріңізден де бар. Егер мешітте солай жүрсеңіздер, ер адамдар жаман ойға кетеді. Сондықтан абай болыңыздар. Намазды кешке үйде оқыған дұрыс", – деді.
Рүстем Жүгінісовтың бұл мәлімдемесі қоғам арасында дау туғызып, кейбір қолданушылар Жүгінісовтер отбасын сахнаға шығармау керек деген бастама көтерді.
Ал қызға бір реттік неке ұсынған ер адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 449-бабы 2-бөлігі — «Қоғамдық орында тиісу» бойынша бес тәулікке қамалды.
