06 там, 2020 сағат 10:10

Ақтауда толассыз жауған жаңбыр салдарынан көшелерді су басты

Ақтауда кеше күні бойы жауған жаңбыр салдарынан орталық көшелер суға толып, жаңадан салынған көпқабатты үйлердің шатырынан су кетті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Желіде Ақтау тұрғындарының үйлерінен кеткен суды жұмыла өздері тазалап жатқаны түсірілген видеолар пайда болды. 

«Алматыдағыдай жиі жаңбыр жауса, Ақтаудың үйлері шыдамайтыны көрініп тұр екен ғой» деген пікірмен таратылған видеода жаңбыр суының шатырдан бастап, бірінші қабаттағы баспалдаққа дейін ағып жатқаны байқалады. Видеодағы көріністің 19 шағынаудандағы «Тыныштық» тұрғын-үй кешенінде болғаны анықталды. 

Ақтау қалалық әкімдігі тарапынан аталған үйдің бұзылған жерлері жөнделетіні айтылды. Бұдан бөлек, орталық көшелерді су басты. Ақтау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, көшелердің суын соруға 35 адам жұмылдырылған. 

«Ағымдағы жылдың 5-ші тамызынан 6 тамызына қараған түні қала бойынша толассыз жауған жауын-шашын салдарынан қаладағы жолдарға су жиналды. Жауын суын сорғыту мақсатында коммуналдық кәсіпорындардан барлығы 4 бойлер-ассенизаторы, 10 мотопомпасы және 2 су сорғыш көлігі (ПНС) үздіксіз күні-түні қызмет атқаруда. Қазіргі уақытта 31а, 31б, 32а, 32б шағынаудандардың жол қиылысы мен 1 шағынаудан облыстық тіс емханасы маңы судан тазартылуда. Сонымен қатар, су жиналған орындарды тазалауға «Қала жолдары» ЖШС-нен 15 адам және Төтенше жағдайлар департаментінен 20 адам жұмылдырылды»,-деп хабар таратты баспасөз қызметі.