Фото: Polisia.kz
Бүгін сағат 11:09 шамасында Ақтау қаласының теңіз жағалауында теңіз ортасына қарай бет алып, айналасындағыларға мән бермеген жасөспірім туралы полицияға хабар түсті, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға орнына жедел жеткен Ақтау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Абдурахим Сәтешов пен Азамат Қарабалаев жағдайдың аса қауіпті екенін байқап, бір сәт те кідірместен теңізге секірген. Өз өмірлерін қатерге тіге отырып, олар жасөспірімді жағаға алып шығып, аман алып қалды.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрі батыл әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Қазіргі таңда жасөспірімнің жағдайы қанағаттанарлық, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Жасөспіріммен профилактикалық әңгіме жүргізіліп жатыр. Полиция өкілдері күн сайын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кез келген жағдайда, тіпті өз өмірін қатерге тіге отырып, көмек көрсетуге дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
