Қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтың SAINt JHN атты әншінің Roses әніне жазылған ремиксі Grammy сыйлығын жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл жайында сыйлықтың Twitter парақшасында хабарланды. Аз уақыт өткен соң репердің өзі Instagram парақшасында видео қалдырды.
"Анама, әкеме, командама, менеджер Кирилге рахмет! "Грэммиге" рахмет!" деді Иманбек Зейкенов "Ең үздік ремикс" номинациясының жеңімпазы анықталғаннан кейін.
Айта кетейік, аталған ремиксімен әлемдік музыка чарттарында қара үзіп алға шыққан Иманбек Зейкенов ата-анасымен бірге Ақсу қаласында тұрады. Әкесі - өрт сөндіруші, анасы туристік агенттікте жұмыс істейді.
Өзінің айтуынша, ол ән әрлеуді жергілікті диджейлер мен продюсерлерден және Youtube желісіндегі видеосабақтан үйренген.
Өткен жылдың желтоқсанына дейін ол шағын шаһардағы темір жол стансасында жұмыс істеді. 2019 жылдың жазында Иманбек Saint Jhn атты рэпердің Roses атты әнін тауып, соған ремикс жазуды қолға алады.
Бұл композиция үш жыл бұрын шығып қойған болатын. Иманбек әнге ремикс жазып, оны әлеуметтік желіге жариялайды. Арада бірнеше ай өткенде ол поп жұлдызға айналды. Тіпті, Американың The New York Times газетінде Иманбек жайлы мақала да жарияланды.