20 қар, 2024 сағат 16:04

160 миллион теңге: Жаңа уақыт белдеуін зерттеуге жұмсалатын шығын орынды ма?

Фото: Pexels.com

Министрлік Ғылым және жоғары білім министрлігіне үш жылдық ғылыми грантқа өтінім жіберді. Бұл жаңа уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін зерттеуге бағытталған, деп хабарлайды Ult.kz.  

Бұл туралы Мәжіліс дәлізінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. 

«Өтінім үш жылдық 160 миллион теңгелік бюджетке жасалған, бірақ нақты сомасы одан аз болуы мүмкін. Менің ойымша, шамамен жартысына, яғни 90–100 миллион теңге көлемінде тоқтаймыз. Кеше жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысы өтті. Біз конкурс жариялаймыз, әрі қарай нақты шығындарды ұлттық ғылыми кеңес анықтайды», — деді министр.  


Саясат Нұрбектің айтуынша, зерттеуді бірнеше ғылыми институт қатысуымен жүргізеді:  

«Алгоритмді егжей-тегжейлі білмеймін, себебі өтінім енді ғана келіп түсті. Конкурс өткен кезде көреміз. Бұл зерттеуге бірнеше институт қатысады — физиология институты, география институты. Зерттеу сауалнама арқылы емес, нақты ғылыми әдістермен жүргізіледі деп ойлаймын».  


Дегенмен, журналистер мұндай шығындардың орынды екеніне күмән келтірді. Министр бұл бастама қоғам тарапынан түскен сұраныс екенін айтты:  

«Қоғамдық сұраныс бар, сондықтан біз әрекет етуге мәжбүрміз. Денсаулық сақтау министрлігі бұл бастаманы толықтай қолдады. Біз грант беруші ұйым ретінде қолдау көрсеттік», — деді ол.