“Ешкімге айтпай неке қидырдық”: Бүркіт отбасына қатысты күтпеген жайтты жария етті

“Ешкімге айтпай неке қидырдық”: Бүркіт отбасына қатысты күтпеген жайтты жария етті
Фото-коллаж: ult.kz

Танымал әнші Бүркіт жұбайы Аишамен қалай шаңырақ көтергенін айтып, ата-анасынан жасырын неке қидырғанын алғаш естіген әкесінің қатты ренжігенін еске алды, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі бұл оқиғаны “Отец” подкастында әңгімеледі. Оның сөзінше, Аишамен екі жылға жуық кездескен соң, 34 жасында үйленуге бел буған. Алайда маңызды шешімін ата-анасына алдын ала айтпаған. Әнші жақын достары, әпкесі мен інісін ертіп барып, Аишамен некесін қидырған. Тек содан кейін ғана Тараздағы ата-анасына барып, үйленгенін жеткізген.

“Ешкімге айтпай, достарымды, әпкем мен інімді ертіп барып, некемізді қидырдық. Содан кейін Таразға, ата-анама бардым. Үйленетінімді айттым. Ол кезде неке қиылып қойған еді. Әкем қатты ашуланды. Ауылға бара жатқанда да, қайтар жолда да ұрысты. 60 шақырым жол бойы маған ренішін айтты”, – деді әнші.

Бүркіттің айтуынша, әкесі ұлының үйлену мәселесін ата-анасымен ақылдаспай шешкеніне қапаланған. Әсіресе өміріндегі маңызды жаңалықты өзгелерден кейін білгені көңіліне тиген.

“Әкем "Сен жетімсің бе? Неге бізге айтпадың? Неге біз білмей қалдық? Үйленетініңді ата-анаң білуі керек қой" деп ренжіді. Бірақ мен шешімімді қабылдап қойған едім. 34 жасқа келгенде енді үйленуім керек екенін түсіндім”, – деп еске алды ол.

Ал әншінің анасы Аишаны келін болмай тұрып-ақ ұнатып қалған екен. Бүркіттің сөзінше, анасы болашақ келінін алғаш рет бейнебаяннан көріп, жылы пікір білдірген.

“Анам адамның қандай екенін көзіне қарап-ақ байқайтын. Бұрын таныстырған қыздарымды ұната бермейтін. Тіпті кейінгі жеті-сегіз жылда ешкімді көрсетпейтін болдым. Бір күні анам Аишаның "Раба любви" әніне түсірілген бейнебаянын көріп, "Қандай жақсы қыз, көздері қандай мейірімді" деді. Сол сөзін есімде сақтап қалдым”, – деді өнер иесі.

Дегенмен әкесінің ашуы көпке созылмаған. Бұл жағдайды әншінің анасы реттеп, көп ұзамай үйлену тойының қамы басталған.

“Үйге келгеннен кейін сыртқа шығып кеттім. Жарты сағаттай уақыт өткен соң қайта кірсем, әкем беташардың күнін белгілеу керегін айтып отыр. Бірден анама қарадым. Анам бәрін реттеп қойған екен”, – деді Бүркіт күліп.

Осылайша, алғашында әкесінің қарсылығына тап болған әншінің үйлену туралы шешімі ақырында ата-анасының қолдауына ие болған.

Айта кетейік, Бүркіт пен Аиша 2010 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде өнерлі жұп бірге ән айтып, шығармашылықпен айналысып келеді. Ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп отыр.

Бүркіт кім?

Бүркіт – қазақстандық танымал эстрада әншісі, актер, режиссер әрі продюсер. Оның шын есімі – Айбек Жансейітов. Өнер иесі 1978 жылы 12 шілдеде Тараз қаласында дүниеге келген. Әкесі әскери салада қызмет еткен, ал анасы Айша Қопжасарова – ақын. Бүркіт жастайынан музыкаға қызығып, кейін әншілікті кәсібіне айналдырған. 2002 жылы продюсер Евгений Жағалтаевпен танысқаннан кейін “Бүркіт” сахналық атымен жеке шығармашылығын бастаған. Ол қазақ және орыс тілдерінде ән орындайды.

Әнші “Тау-тау сезім”, “Туған жер”, “Мекенім Қазақстан” және “Қолымнан ұста” сияқты әндерімен көпшілікке танылған. Музыкадан бөлек кино саласында да еңбек етіп, “Апан” және “Тілек тіле” жобаларына қатысқан. Бүркіт 2008 жылы болашақ жары Аишамен танысып, шығармашылық байланыс орнатқан. Аишаның шын есімі – Виктория Жансейітова. Екеуі 2010 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде ерлі-зайыптылар Зейін, Омар есімді ұлдары мен Сафия, Латифа есімді қыздарын тәрбиелеп отыр. Олардың кенже қызы 2025 жылдың мамыр айында дүниеге келген. Бүркіт пен Аиша отбасылық өмірі мен бала тәрбиесіне қатысты ойларын сұхбаттарында және әлеуметтік желілерде жиі бөліседі.