Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова сарбаздардың ауруханада жатқан кезін еске алды. Оның әлеуметтік желідегі жазбасы көпшілікті толқытты, деп хабарлайды ult.kz.
Суреттегі Ақжол, Бекет және Никита — сол оқиғадан аман қалған сарбаздар. Ауруханада өткізген үш-төрт күнде Самал Кеуелова өз ұлымен бірге палатадағы екі жігітке де қамқор болып, үшеуін бірдей бауырына басқан.
Ананың айтуынша, сол қиын күндері туыстары ғана емес, бұрын танымаған адамдар да қол ұшын созған. Бірі тамақ жеткізсе, енді бірі хабарласып, сарбаздардың жағдайын сұрап отырған.
"Ағайын-туыстан бөлек, мүлде танымайтын адамдар да көмектесіп жатты. Бірі тамақ әкелсе, бірі жағдайымызды сұрап хабарласты… Қиындықта адамның кім екені емес, жүрегінің қандай екені көрінеді",- деп жазды Самал Кеуелова.
Еліміздің әр өңірінен қолдау білдірген жандардың ықыласы сарбаздар мен олардың жақындарына демеу болған.
Айта кетейік, Азаматтың ағасы марқұм інісінің сағатын Ақжол Темірханға табыстады.
Не жағдай болды?
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапты. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, 17 әскери қызметшіні ашық теңізге ағызып әкеткен. Олардың үшеуі аман қалды. Соңғы екі әскери қызметшінің денесі 25 қыркүйекте табылып, іздеу жұмыстары аяқталды.
Қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Президент қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, оқиғаның мән-жайын анықтауды және марқұмдардың отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.