Жаяу жүргіншіге жол бермеген: Қарағандыда мас автобус жүргізушісі ұсталды

Жаяу жүргіншіге жол бермеген: Қарағандыда мас автобус жүргізушісі ұсталды
мұрағат

Қарағандыда полицейлер №29 бағыттағы автобустың жүргізушісін жолаушылар тасымалдау бағытынан шеттетті. Ол автобусты алкогольдік мас күйде басқарған. Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің қанындағы алкоголь мөлшері 1,95 промилле болғаны анықталды, деп хабарлайды ult.kz.

Патрульдік полиция қызметкерлерінің назарына автобус жүргізушісі Назарбаев даңғылындағы жаяу жүргіншілер өткелінде адамға жол бермегеннен кейін іліккен. Полицейлер оның соңынан ерген.

Келесі аялдамада полиция қызметкерлері жүргізушіге жақындамақ болған. Алайда олар жетіп үлгермей жатып, автобус ішіндегі жолаушыларымен қайта қозғалған.

Көп ұзамай автобус тоқтатылды. Жүргізуші бағыттан шеттетіліп, медициналық куәландыруға жеткізілді. Тексеру оның 1,95 промилле алкогольдік мас күйде болғанын көрсетті.

Іс материалдары сотқа жолданды. Жүргізушіге әкімшілік қамауға алу және көлік құралын басқару құқығынан жеті жылға айыру жазасы қолданылуы мүмкін.