Жылқышыны айыптаған шаруа қожалығының иесі алғаш рет ел алдына шықты (ВИДЕО)

Жылқышыны айыптаған шаруа қожалығының иесі алғаш рет ел алдына шықты (ВИДЕО)
Коллаж: ult.kz

Ақтөбеде қоғамда қызу талқыға түскен жылқышы Рахат Сәрсеновтің ісіне қатысты шаруа қожалығының иесі Тәжіғали Елеуов алғаш рет мәлімдеме жасады. Ол әлеуметтік желіде тараған пікірлерге жауап беріп, оқиғаға қатысты өз нұсқасын баяндады, деп хабарлайды ult.kz.

Тәжіғали Елеуовтің айтуынша, Рахат Сәрсенов ұзақ жылдар бойы қожалықта жұмыс істегенімен, оның арақ ішкеніне және бұған дейін бірнеше бас жылқының жоғалуына көз жұма қараған. Алайда соңғы оқиғадан кейін құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болғанын айтты.

Оның сөзінше, бұл іске бір ғана адам емес, қылмыстық топ қатысы бар. Тіпті олардың бірі сот үкімімен жазасын өтеп жатқан көрінеді. Сондай-ақ Елеуов әлеуметтік желіде тараған «Рахат Сәрсенов толық ақталды» деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

«Біреулер оны әлеуметтік желіде қаралым жинау үшін “байдан зәбір көрген қаһарман” ретінде көрсетіп отыр», – деді ол.

Ал Тәжіғали Елеуовтің қызы Аяулым Тәжіғалиева соңғы уақытта отбасының ауыр психологиялық қысымға ұшырағанын айтты.

«Отбасымызбен бірге қиын кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Әкеме, отбасыма, бауырларыма және балаларыма бағытталған қорлау, қарғыс пен өшпенділікке толы пікірлерді оқу бізге ауыр тиіп отыр. Мен үшін ол – ең ардақты әке, аяулы ата әрі нағыз азамат. Оны біздің отбасымыз, достары, әріптестері және танитын адамдар дәл осылай біледі. Енді әкемнің өз ұстанымын айтып, болған жағдайға қатысты пікірін жеткізуге мүмкіндігі бар. Әркім өз қорытындысын өзі жасайды. Ал ақиқатты бір Алла ғана біледі», – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облыстық соты Рахат Сәрсеновке қатысты істі қайта қарап, үкімнің күшін жойып, оны сот залынан босатқан болатын. Осы оқиғадан кейін қоғамда жылқышыны қолдаған азаматтар қаржылай көмек көрсетіп, баспана сыйлаған еді. Ал енді іске қатысты екінші тарап та өз уәжін жариялап отыр.