33 жыл бойы жылқы шаруашылығымен айналысқан Рахат Сарсенов журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында басынан өткен ауыр кезеңді айтып, көзіне жас алды. Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Айтуынша, қарияның денсаулығы да айтарлықтай сыр берген. Ол 2025 жылы инсульт алғанына қарамастан, кейін 2 ай 2 күн уақытша ұстау изоляторында отырған.
«Ең ауыры – 60 жасымды түрмеде қарсы алдым», – дейді Рахат Сарсенов.
Журналист Руслан Өтепбай бұл іске байланысты журналистік зерттеу басталғанын мәлімдеді.
«33 жылын жылқы бағуға арнаған азаматқа тағылған айыптың қаншалықты негізді болғанын анықтау үшін журналистік зерттеуімізді бастадық», – деді ол.
Рахат Сарсеновтің айтуынша, ол жылдар бойы адал еңбек етіп, шаруашылығын кеңейткен. Бір кездері небәрі 14 жылқымен бастаған кәсібін 1700 басқа дейін жеткізгенін айтады. Алайда кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, өзі қамауға алынған.
Қазіргі уақытта журналист бұл істің мән-жайын, айыптардың заңдылығын және тергеу барысында қандай заңбұзушылықтар болған-болмағанын анықтауға кіріскен. Рахат Сарсенов өзіне тағылған айыптардың әділ қаралуына үміттенетінін жеткізді.