Жүрсін Ерманның мерейтойында ақынға су жаңа көлік сыйға тартылды

Жүрсін Ерманның мерейтойында ақынға су жаңа көлік сыйға тартылды
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Ұлытау облысында қазақ айтыс өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерманның 75 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіп жатыр. Мерейтой аясында ақынға жерлестері атынан су жаңа автокөлік табысталды, деп хабарлайды ult.kz.

Салтанатты шара XXXIV республикалық “Ұлытау үні” фестивалі аясында ұйымдастырылды. Мерейтойға орай республикалық ақындар айтысы өтіп, еліміздің әр өңірінен келген өнер майталмандары бас қосты.

Айтыс барысында Жүрсін Ерманға ерекше құрмет көрсетілді. Ұлытаулықтар мен облыс әкімі Есет Байкеннің атынан мерейтой иесіне жаңа автокөліктің кілті табысталды.

Айта кетейік, мерейтойлық айтысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 14 белгілі суырыпсалма ақын қатысып жатыр. Олар сахна төрінде сөз сайыстырып, көрерменге айтыс өнерінің үздік үлгілерін ұсынуда.

Айта кетейік, Айтыс өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Жүрсін Ерманға "Халық жазушысы" атағы берілді.

Жүрсін Ерман кім?
 

Жүрсін Молдашұлы Ерман – қазақтың белгілі ақыны, журналист, Қазақстанның халық жазушысы және қазіргі айтыс өнерінің дамуына зор үлес қосқан қоғам қайраткері. Ол 1951 жылы 12 ақпанда Ұлытау ауданында дүниеге келген. 1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын Жезді аудандық “Октябрь туы” газетінде әдеби қызметкер болып бастаған.

Кейін Жезқазған облыстық телерадиокомитетінде, Қазақ республикалық телевизиясында басшылық қызметтер атқарды. Сондай-ақ “Қазақ әдебиеті” газеті мен “Жұлдыз” журналында еңбек етті. Әр жылдары Қазақ радиосының бас директоры қызметін де атқарған.

Жүрсін Ерман қазақтың дәстүрлі айтыс өнерін қайта жаңғыртып, оның үлкен сахнаға шығуына ерекше еңбек сіңірді. 1984 жылдан бастап республикалық ақындар айтысын ұйымдастырып, көптеген жас таланттың танылуына жол ашты. Оның бастамасымен өткен айтыстар халық арасында кеңінен танымал болды.

Ақынның алғашқы “Жанартау” атты өлеңдер жинағы 1983 жылы жарық көрді. Кейін “Арайлы күн, армысың”, “Ұлытауға бардың ба?..”, “Құдіретке жүгіну”, “Екі тізгін, бір шылбыр” және басқа да кітаптары басылып шықты. Оның шығармаларында туған жерге сүйіспеншілік, адамгершілік, ұлттық рух пен қоғам мәселелері кеңінен көрініс тапқан.

Жүрсін Ерман – Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың иегері. Сонымен қатар “Құрмет”, “Парасат” және “Отан” ордендерімен марапатталған. 2026 жылы ақын 75 жасқа толды. Бүгінде ол қазақ әдебиеті мен айтыс өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғалардың бірі саналады.