Жүргізуші куәлігі жоқ ер адам бес көлікті бүлдіріп, қамауға алынды

Жүргізуші куәлігі жоқ ер адам бес көлікті бүлдіріп, қамауға алынды
Видеодан скриншот

Астанада жол жиегінде тұрған бес автокөлікті соғып, оқиға орнынан қашып кеткен ер адам 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлад, деп хабарлайды ult.kz.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға 4 шілде күні сағат 02:50 шамасында Тілендиев көшесіндегі №36 үйдің маңында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші куәлігі жоқ ер адам «ГАЗель» автокөлігін басқарып келе жатып, жол жиегінде тұрған бес көлікке соқтығысқан. Апаттан кейін ол оқиға орнынан бой тасалап кеткен.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, қысқа уақыт ішінде ұстады.

– Сот шешімімен құқық бұзушыға 30 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды, – деп хабарлады Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның рөлге отыруы және жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалуы заң талаптарын өрескел бұзу болып саналатынын еске салып, мұндай әрекеттер үшін заңда жауапкершілік көзделгенін атап өтті.