Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемнің мерзімі қысқарады, деп хабарлайды ult.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазір міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және талаптарға сай азаматтарға жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Оның нақты мерзімі әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай белгіленеді.
Алайда 1 қазаннан кейін әлеуметтік төлем ең көбі 3 айға ғана беріледі. Төлем мөлшері азаматтың орташа айлық табысы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі.
Қолданыстағы тәртіп бойынша төлем мөлшері соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар ескерілген орташа айлық табыстың 45 пайызын құрайды.
Сонымен қатар жаңа ережеге сәйкес төлемнің ең жоғары мөлшеріне шектеу қойылады. Ол жеті ең төменгі жалақының 45 пайызынан аспауға тиіс.
Әлеуметтік төлем алу үшін азамат алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, кейін жұмыссыз мәртебесін алуы қажет. Төлем жұмыссыз мәртебесі берілген күннен бастап тағайындалады.
Егер азамат ұсынылған жұмыстың үш нұсқасынан себепсіз бас тартса, оның жұмыссыз мәртебесі тоқтатылып, әлеуметтік төлем де берілмейді.