Алматыда жол-көлік оқиғасынан кейін мемлекеттік нөмірі жоқ көлікпен оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиғаға қатысты тараған бейнежазбадан кейін Алматы қаласының Полиция департаменті түсініктеме берді. Тәртіп сақшылары Райымбек даңғылында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған Hyundai Elantra жүргізушісін анықтап, ұстаған.
Полиция мәліметінше, 23 жастағы Алматы тұрғынының көлік басқару құқығы болмаған.
Оған маневр жасау ережесін бұзу, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік жүргізу, көлік әйнектерін күңгірттеу, жол таңбаларының талаптарын сақтамау және көлік басқару құқығы жоқ бола тұра рөлге отыру бойынша бірнеше әкімшілік хаттама толтырылған.
Сонымен қатар жол-көлік оқиғасына қатысты жинақталған материалдар Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданған.
Сот шешімімен жүргізуші 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бұдан бөлек, оған 100 АЕК, яғни 2026 жылғы мөлшермен 432 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.