Freedom Inside '26

Зираттағы дау: мәйітті қазып алғаннан кейін шындық белгілі болды

Зираттағы дау: мәйітті қазып алғаннан кейін шындық белгілі болды
Видеодан скриншот

Қарағанды облысында бір қабірге қатысты дау екі отбасыны сотқа дейін жеткізді. Мәйітті эксгумациялау нәтижесінде көптен бері жалғасқан дауға нүкте қойылды, деп хабарлайды ult.kz.

31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасының хабарлауыша, оқиға Бұқар жырау ауданындағы Құрылыс ауылында болған. Жергілікті тұрғын Айгүл Жамиленова анасын 2024 жылдың қарашасында мұсылман зиратына жерлеген. Оның айтуынша, қабір орнын зират күзетшісі мен жерлеу қызметін көрсеткен кәсіпкер белгілеп берген.

Алайда арада бірнеше ай өткен соң әйел күйеуімен бірге анасының басына мазар тұрғызуға келгенде, қабір басында бөтен адамның аты-жөні жазылған құлпытас пен қоршауды көрген. Осыдан кейін ол анасының қабірінің үстіне басқа адам жерленген деп есептеп, сотқа жүгінген.

Дауды қараған соттың апелляциялық алқасы мәйітті эксгумациялау туралы шешім шығарды. Сараптама нәтижесі талапкердің күдігін растамады. Қабірде дәл құлпытасқа аты жазылған адамның жерленгені анықталды.

Марқұмның туыстары эксгумация кезінде денені танығандарын айтты.

— Мәйітті шығарғанда оның біздің туысымыз екенін бірден білдік. Бетін ашқанда тәтемді таныдым, — деді марқұмның жиені Нұрхан Майлыбаев.

Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, қабірде бөтен адамның мәйіті болмағандықтан, сот тиісті шешім шығарды.

Енді талапкер анасының нақты қай жерге жерленгенін анықтауы тиіс. Сонымен қатар сот шешіміне сәйкес эксгумация мен сот шығындарын өтеу міндеті де жүктелуі мүмкін.

Айгүл Жамиленова өз кезегінде моральдық шығынды өндіру мәселесін қарастырып жатқанын айтты.

Осылайша, бірнеше айға созылған қабір дауы эксгумация нәтижесінен кейін жаңа бағыт алды. Енді негізгі мәселе – марқұм әйелдің нақты жерленген орнын анықтау болып отыр.