ЖИ ғылыми мақалалардың құнын қалай түсіріп жатыр?

ЖИ ғылыми мақалалардың құнын қалай түсіріп жатыр?
Фото: freepik

Ашығын айтқанда, кейінгі екі-үш жылда ғылыми жұмыстардың көп бөлігін ЖИ жазды. Бұл жерде мәтінді жай ғана өңдеу емес, ЖИ-дің ақпаратты өзі жинап, дайындап беруі және адамның оны тек өз атынан жариялауы туралы сөз болып отыр. Сырты ғылыми еңбек болып көрінгенімен, іс жүзінде сапасы төмен мұндай дүниелер қазір қаптап кетті. Нәтижесінде ғылыми мәтіндердің деңгейі түсіп, ғылым алға дамудың орнына, осы мәселемен күресуге мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды ult.kz TamgaMedia-ға сілтеме жасап. 

Мақала саны күрт көбейіп жатыр
Статистикаға үңілсек, 2024 жылы Web of Science базасы шамамен 2,53 миллион жаңа зерттеу мақаласын тіркеген. Осылай әлем бойынша жылына жарық көретін ғылыми мақалалардың жалпы саны 3,26 миллионнан асып, 2015 жылмен салыстырғанда 48% өсті. Ғылым қарыштап дамып жатқандай көрінгенімен, мұндай күрт өсімнің артында үлкен күмән болды.
Ғалымдар миллиондаған еңбекті саралай келе, 2024 жылға қарай мақалалардың 10%-дан астамының қысқаша мазмұнын ЖИ жазғанын анықтады. Мәселен, arXiv платформасындағы зерттеулер 2022 жылдан бері 72% өскенін көрсетті. Оның үстіне, мәтінінде ЖИ белгілері анық байқалған жұмыстар екі есе көбейді: 2022 жылдың соңында 3,6% болса, 2023 жылдың соңына қарай 6,2%-ға жеткен. Қазір бұл көрсеткіш бұдан да жоғары екені сөзсіз.

Тағы бір қызық, тіпті күлкілі дәлел бар. Жасанды интеллект “delve”, “realm”, “underscore”сөздерін жиі қолданады. Ғалымдар кейінгі 100 жылдағы мақалаларды зерттеп, 2023-2024 жылдары осы сөздер бұрынғыдан 10 есе көп қатар қолданылатынын байқаған. Мысалы, PubMed пен Scopus медицина базасында осы сөздер бар мақаланың барлығы дерлік кейінгі екі жылда жарық көрген. Анығында, мұндай жұмыстар – 1849 жылдан бергі бүкіл тарихтың 99%-ы.
ЖИ жазған мақалалардың көбейгенін Корнелл университетінің зерттеуі де растайды. Себебі бір қызметкер бір мақала шығарғанда, оның әріптесі ЖИ арқылы үш мақала жазып шығарған.
Қазір сырты жылтыр, бірақ іші бос мәтіндер көбейді. Журналистика үшін бұл үйреншікті жағдай шығар, ал ғылым үшін – нағыз апат. Өйткені ЖИ арқылы біреудің еңбегін қайта өңдесе, ғылыми жұмыстың құнын жояды.


Тағы бір дәлел – екі бірдей жұмыс
ЖИ модельдері дайын мақалаларды плагиаттан мүдірмей өтетіндей жазып шығады. Ғылыми базаларды талдауда мұндай көшірме мақалалардың (ағылшынша copycat papers) жүздегені жарық көрген. ChatGPT және Gemini сияқты құралдар дайын зерттеуді алып, сөйлем құрылымы мен сөздерін өзгертеді. Мәтін сөзбе-сөз сәйкес келмеген соң, мақала антиплагиаттан оп-оңай өтеді.
«Мақала фабрикалары» туралы дерек бұдан да қызық. Ғылыми жұмыстардың шикілігін тексеретін сот сарапшысы Джеймс Хизерс Google Scholar жүйесінен оғаш жағдайды байқаған. Ол жерден бірдей қатесі бар 200-ге жуық мақала табылған. Осы жұмыстардың бәрінде математик Андрей Колмогоровтың тегі бұрмаланып, ағылшынша Kolmogorovor деп қате жазылған.

Мәтін жазып отырғанда адам атынан қателесу – қалыпты нәрсе. Бірақ бір уақытта 200 адамның бір сөзден айнытпай қателесуі мүмкін емес қой. Демек, бұл мақалаларды ғалымдар өзі жазбаған. Оларды арнайы орталық ЖИ арқылы құрастырып, бәріне бірдей үлгіде сатқан. Мұның жаман жері, бұл зерттеудің бәрі нақты ауру адамдарды емдеуге қатысты болған соң, медицина саласына тікелей зиян тигізуі мүмкін.
Сондай-ақ сілтемелерге қатысты да жағдай ушығып тұр. Мамандар медицина тақырыбындағы 2,5 миллион мақаланы тексергенде, 3 000-ға жуық жұмыста дереккөздердің ойдан шығарылғанын анықтады. Мұндай жалған сілтемелер 2025 жылы 2023 жылға қарағанда 12 еседен де көп болған. Әлі ашылмаған дерек қаншама?
ЖИ жазады, ЖИ тексереді, ЖИ талдайды
Жалпы, плагиат деген не? Біреудің мәтінін көшіріп алу ма? Әрине. Ал сөздері жаңа болғанымен, идеясы ескі болса ше? 2025 жылғы қаңтарда KAIST университетінің ЖИ зерттеушісі Пак Пёнджун Үндістанның екі ғалымынан хат алды. Олар интернеттен нейрожелі жазған бір мақаланы тауып алғандарын айтады. Ең қызығы, ол мақалада Пак Пенджунның зерттеу әдістері қолданылған, бірақ оның аты-жөні еш жерде көрсетілмеген.
Мұндай жұмыстарды әдеттегі әдіспен дәлелдеу мүмкін емес. Бұрын антиплагиат бағдарламалары бірдей сөздерді іздеп, мәтіннің қай тұсы көшірілгенін оңай табатын. Ал ЖИ дайын идеяны мүлдем басқа сөздерге өзгертіп, жазады. Мәтін сөзбе-сөз бірдей болмаған соң, антиплагиат оны анықтай алмайды.
Бір қарағанда жаңа мақала сияқты, бірақ бұл – біреудің еңбегін ұрлау. Нағыз автордың аты да аталмайды. Қазір ғылым плагиаттың жаңа түріне тап болды. Әзірге оны табатын құрал да, бұған қарсы ортақ ереже де жоқ.
ЖИ енді мақалаларды өзі тексеретін болды. Мақала көп болған сайын мамандар тексеріп үлгермей жатыр. Тек 2020 жылдың өзінде ғалымдар жұмыстарды тегін тексеруге 100 миллион сағат жұмсаған. Қазір редакцияларға маман табу қиын, сондықтан бұл міндетті ЖИ-ге бере бастады. Нәтижесінде бір ғана технология мақаланы өзі жазады, өзі тексереді.

Енді не істеу керек?
Әзірге бұған ешкім нақты жауап тапқан жоқ. Бірақ бірнеше ұсыныс бар.
Біріншіден, бәрі ашық болуға тиіс. Егер мақаланың бір бөлігін ЖИ жазса, оны жасырмай көрсету керек. Өйткені автор ашық айтылмаса, нақты не жазылғанын және оны кім жазғанын тексеру мүмкін емес.
Екіншіден, ЖИ-дің «ізін» танитын жаңа құралдар қажет. Мысалы, Гийом Кабанактың жетекшілігіндегі Problematic Paper Screener жобасы 2020 жылдан бері робот жазған күмәнді мәтіндерді тауып жүр. Бірақ мұндай жүйелерді үнемі жетілдіру қажет. Бұл – технологиялар жарысы, тексеретін құралдар ЖИ соңынан ілесе алмай жатыр. Себебі модельдердің өзі жылдам дамып, промпттары мен жазу стилі үнемі өзгеріп отырады.
Үшіншіден, бағалау жүйесін өзгерту керек. Қазір ғалымдардың еңбегі оның сапасына емес, тек мақала санына қарай өлшенеді. Осыдан кейін жұмысты ЖИ-ге ысыру жалғаса бермек. Ойланып көріңізші, сіз айлап тер төгіп жазған зерттеу мен басқа біреудің бес минутта дайындаған мәтініне бірдей баға берсе, не істер едіңіз? Ештеңе жазбаған әріптесіңіз ЖИ-дің арқасында сізбен бірдей төлем алса ше? Сондықтан сапа саннан жоғары тұрмайынша, бұл тығырықтан шыға алмаймыз. Бұл тек ғылымда емес, өмірде де солай.

Жалпы технология – бейтарап дүние. ЖИ модельдері ағылшынша білмейтін ғалымдарға көмектесіп, қол байлайтын жұмыстарын жеңілдетті. Мәселе ЖИ-де емес, ғылымның ең басты құндылығында жатыр: біз сандарға, сілтемелер мен авторға сенеміз. Ал қазір мәтіннің қай жерін робот жазғанын нақты анықтайтын ешқандай тәсіл жоқ. Сондықтан жұмыс сапасы мен адам еңбегін қорғауымыз керек. Тек промпт жазып отыратындарды емес, зерттеуге уақыты мен жанын салған нағыз мамандарды бағалауымыз қажет