Сәтбаев қаласында горно-металлургия саласы қызметкерлерінің құрметіне арналған салтанатты жиын өтті. «Қазақмыс қазынасы» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған бұл шараның өзегі — компанияның негізгі құндылығы еңбек адамдары екендігін тағы бір мәрте айшықтау болды, деп хабарлайды Ult.kz.
Мерекелік жиынға өндіріс озаттары мен ардагерлерден бөлек, Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, аймақтық мәслихат өкілдері, «Атамекен» ҰКП және «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы қатысты.

Өңір басшысы Есет Байкен кеншілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, академик Қаныш Сәтбаев салып кеткен даңқты жолдың бүгінде лайықты жалғасып жатқанын жеткізді. Өз кезегінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков өндірілетін мыстың жаһандық «жасыл» экономикаға көшудегі стратегиялық маңызын және әрбір қызметкердің қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Бүгінгі таңда «Қазақмыс» құрылымына 14 кеніш, 5 байыту фабрикасы және 2 мыс балқыту зауыты кіреді. Бұл өндіріс ошақтарында 34 мыңнан астам маман еңбек етуде, сонымен қатар 103 еңбек әулетінің сабақтастығы сақталған. Компания өндірісті жаңғырту мен қауіпсіздікке үздіксіз инвестиция құйып келеді: 2026 жылы еңбекті қорғауға 16 миллиард теңге бөлінсе, Жезқазғанда газдарды 99%-ға дейін ұстап қалатын жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы жүріп жатыр.
Шара барысында сала үздіктеріне «Еңбек ардагері» медальдары, «Кенші даңқы» және «Еңбек даңқы» төсбелгілері табыс етілді. Сонымен бірге «Ұлытау қайырымдылық қоры» атынан көпбалалы отбасыға үш бөлмелі пәтердің кілті сыйға тартылды. Кеш соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.