Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі (ТЖШ) айтарлықтай өсті. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2026 жылға арналған жаңа көрсеткіштерді жариялап, енді азаматтардың тұрғын үй немесе емделу мақсатында пайдалана алатын қаражаты азаюы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Жаңа әдістеме бойынша 20 жастағы азамат үшін жеткіліктілік шегі 6,67 млн теңге болса, 30 жаста – 9,75 млн теңге, 40 жаста – 13,37 млн теңге, ал 60 жастағы азамат үшін 22,5 млн теңгеге дейін жетеді.
БЖЗҚ мәліметінше, ТЖШ мөлшері енді болашақтағы нысаналы зейнетақы төлемдерінің көлеміне қарай есептеледі. Есептеу кезінде демографиялық көрсеткіштер, инвестициялық кірістілік пен төлемдерді индекстеу факторлары ескеріледі. Сонымен қатар формулаға азаматтың болашақта аударатын зейнетақы жарналары енгізілмейді.
Қордың түсіндіруінше, бұл тәсіл жинақтың бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдаланған азаматтардың қартайғанда төмен зейнетақы алу қаупін азайтуға бағытталған.
Соған қарамастан, тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу үшін жинақтың бір бөлігін пайдалану құқығы сақталады. Зейнетақысы бұрынғы табысының кемінде 40 пайызын құрайтын азаматтар жинақтарының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Ал зейнетақы аннуитетін рәсімдегендер мен еңбек сіңірген жылдары үшін мемлекеттік төлем алатын азаматтар шоттағы қалған қаражатты толық көлемде қолдана алады.
БЖЗҚ дерегінше, жаңа әдістеме енгізілгеннен кейін ТЖШ мөлшері жас ерекшелігіне қарай кемінде 79 пайызға артқан. Зейнеткерлік жасқа жақындаған сайын шотта сақталуы тиіс қаражат көлемі де ұлғаяды. Кейбір санаттар үшін бұл көрсеткіш бұрынғыдан екі еседен астам жоғарылаған.
Қор мамандарының айтуынша, өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың болашақта тұрақты әрі жеткілікті зейнетақы алуын қамтамасыз ету. Жаңа есептеу тәсілі бойынша жинақтаушы зейнетақы төлемдері медианалық жалақының шамамен 40 пайызына дейін жетуі мүмкін. Бұрын бұл көрсеткіш небәрі 15 пайыз шамасында болған.