"Жедел жәрдем қаржысы қайда кетті?": Астанада экс-қызметкерлерге үкім шықты

"Жедел жәрдем қаржысы қайда кетті?": Астанада экс-қызметкерлерге үкім шықты
Фото: ашық дереккөз

Астанада жедел медициналық жәрдем станциясындағы бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Бұрынғы үш қызметкер мемлекетке 700 млн теңгеден астам шығын келтіргені үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, 2020–2023 жылдары елордалық жедел жәрдем станциясының бұрынғы басшылары мен жауапты қызметкерлері санитарлық көліктерді жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге бөлінген қаражатты заңсыз иемденуді ұйымдастырған.

Сот анықтағандай, қаржының тиімсіз әрі заңсыз жұмсалуы салдарынан жарамды жедел жәрдем көліктерінің саны 149-дан 32-ге дейін қысқарған.

Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 700 млн теңгеден асқан. Оның 440 млн теңгеден астам бөлігі сот шешімімен өндірілетін болды. Ал жедел жәрдем орнына такси қызметін пайдалануға жұмсалған 300 млн теңгеден астам қаржыны қайтару мәселесі азаматтық сот тәртібімен қаралады.

Сот Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша үш бұрынғы қызметкерді кінәлі деп танып, оларды 8 және 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар сотталғандарға мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.