Freedom Inside '26

Жазадан жалтарған қазақстандық әйел Ресейден экстрадицияланды

Жазадан жалтарған қазақстандық әйел Ресейден экстрадицияланды
Видеодан скриншот

Қарақшылық пен ұрлық жасағаны үшін сотталған, кейін жазасын өтеуден жалтарып, іздеуге жарияланған қазақстандық әйел Ресей Федерациясынан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды ult.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан аудандық соты 2024 жылғы 10 мамырдағы үкімімен әйелді алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен қарақшылық жасап, бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін кінәлі деп таныған. Оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.

Алайда сотталған азаматша пробациялық бақылауда жүргеніне қарамастан, 2025 жылғы наурызда жазасын өтеуден жалтарып кеткен. Осыған байланысты сот бас бостандығын шектеудің өтелмеген 1 жыл 4 ай 7 күн мерзімін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырып, оған халықаралық іздеу жариялаған.

2025 жылғы қарашада әйел Ресей аумағында ұсталды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы негізінде ол Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта сотталған азаматша жазасын одан әрі өтеу үшін тергеу изоляторына қамалды.