Астанада өзін таролог ретінде таныстырған 54 жастағы әйелдің пәтерінен есірткі өсіретін шағын фитозертхана анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, әйел марихуана өсіру үшін жатын бөлмесіндегі шкафты арнайы жабдықтап, жасанды жарықтандыру шамдары мен қажетті құрылғылар орнатқан.
Тінту кезінде тәртіп сақшылары бірнеше түп марихуана өсімдігін және оларды күтіп-баптауға арналған құрал-жабдықтарды тәркіледі.
Сондай-ақ медициналық куәландыру қорытындысы бойынша әйелдің есірткілік мас күйде болғаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Табылған өсімдіктер мен жабдықтар айғақ зат ретінде тәркіленді.
Полиция дерегінше, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 70 келіден астам түрлі есірткі заты алынған. Сонымен қатар бір есірткі зертханасы мен бес фитозертхананың жұмысы тоқтатылып, 500-ге жуық есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде тыйым салынған заттарды өткізудің 161 дерегі тіркелді.