Жастарға қандай қолдау көрсетіліп жатыр? Аида Балаева деректерді жариялады

Жастарға қандай қолдау көрсетіліп жатыр? Аида Балаева деректерді жариялады
ашық дереккөз

Халықаралық жастар күніне орай ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жастарға құттықтау жолдады, деп хабарлайды ult.kz.

Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда 5,8 млн-нан астам жас азамат бар. Бұл ел халқының үштен біріне жуық бөлігін құрайды.

Аида Балаева жастардың білім алуы, жұмысқа орналасуы, кәсіп бастауына және баспаналы болуы үшін мемлекеттік қолдау шаралары күшейтілгенін атап өтті.

«Наурыз» және «Отау» жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы 5,4 мыңнан астам жас қазақстандық қолдауға ие болған. Ал өңірлік тұрғын үй бағдарламалары аясында 7,2 мыңнан астам жас отбасы мен жас маман баспаналы болды.

Сонымен қатар биыл «Жасыл ел» жобасы бойынша 35 мыңнан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылған.

Елімізде жастардың бастамаларын қолдайтын 400-ден астам жастар ұйымы және 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді.

Министр жастардың цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, ғылым және технологиялық кәсіпкерлік салаларындағы рөліне де тоқталды. Оның пікірінше, жаңа технологияларды меңгеріп, тың идеялар ұсыну арқылы жас ұрпақ Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қоса алады.

Аида Балаева жастардың ел өміріне белсенді араласуы маңызды екенін айтып, олардың волонтерлік, әлеуметтік және қоғамдық бастамаларға қатысып жүргенін атап өтті.

«Сіздердің білімдеріңіз бен жігерлеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен жаңалыққа ұмтылыстарыңыз – Қазақстанның келешегіне салынған ең үлкен капитал. Біз сіздерге сенеміз», – деді министр.

Бүгінде жастар санатына 35 жасқа дейінгі азаматтар енгізілген.