Бүгін Талғарда «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі алкоголь суррогатымен күрес аясында акция өткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Қоғамдағы жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан, бір қарағанда созылмалы әрі күрмеуі қиын мәселелерді шешуге жастар атсалысса, оған деген назар да арта түсетіні анық. Өкінішке қарай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, Қазақстан он жылдан астам уақыт бойы Орталық Азияда алкогольді ресми тұтыну көрсеткіші бойынша көш бастап келеді. Ал «Дала Қырандары» («Степные орлы» – Дала қырандары) жастар қоғамдық бірлестігінің мүшелері бұл мәселеге нақты нәтиже үшін араласып отыр.
Белсенділер «Суррогат» жобасын үш жыл бұрын іске қосқан. Арзан әрі қолжетімді «солақай» алкогольдің жасөспірімдердің тағдыры мен құрдастарының болашағына қалай кері әсер ететінін, жастар мен олардың ата-аналарының ішімдікке салынып, азғындауын, отбасылардың ойрандалуын көрген бірлестік мүшелері бұл мәселеге республика көлемінде назар аударуды мақсат етті. Олар мемлекеттік органдарды проблеманы назарға алып, оны шешуге нақты қадам жасауға шақырып келеді.
Арзан контрафактілі алкогольді сатып алу әлі де қиын емес. Оның үстіне мұндай өнім рұқсат етілген сағаттардан тыс уақытта да, тіпті кәмелетке толмағандарға да сатылуы мүмкін. «ҚазАлкоТабак» қауымдастығы сарапшыларының мәліметінше, алкогольдің кемінде 35 пайызы, яғни нарықтың 40 пайызына дейінгі бөлігі «көлеңкелі» айналымда сатылады.
«Дала Қырандары» белсенділері жағдайды түбегейлі өзгерту үшін рейдтер мен бақылау мақсатындағы сатып алулар барысында суррогат алкоголь сатылатын орындарды, заңбұзушылықтарды, тіпті өнім жеткізу тізбегін анықтауды қолға алған. Кейін олар бұл ақпаратты құқық қорғау және бақылаушы органдарға жолдайды.
– Акциямызды елордадан бастадық. Қазір Астанада суррогат алкоголь сатылмайды деп сеніммен айта аламыз. Тіпті жасырын түрде сатылатын жерлердің өзін анықтап, айналаны осындай өнімдерден тазарттық, – деді «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Ерасыл Салйауов.
– Бүгін Талғарда халықтық бақылау бекетін ұйымдастырдық. Бұған Өскеменде суррогат алкогольді анықтаған кезде, оның ізімен Талғарға дейін барғанымыз себеп болды. Суррогат өндіруге арналған спирт осы жерден жеткізілген. Әрине, Талғардағы спирт зауытының заң талаптарына сәйкес жұмыс істейтінін түсінеміз, оған ешқандай кінә арта алмаймыз. Бірақ мұнда кез келген адамның кез келген көлемде спирт сатып алып, оның кейін не үшін пайдаланылатыны белгісіз болуы – үлкен мәселе. Ол сумен араластырылып, дүкен сөресіне суррогат арақ ретінде түсуі мүмкін. Сондықтан бүгінгі халықтық бақылау бекетінің мақсаты – спирттің қайда жөнелтілетінін, жүргізушілер мен экспедиторларда қажетті ілеспе құжаттардың бар-жоғын анықтау, – деді ол.
Жақын уақытта «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің белсенділері Құрылтайға алкоголь өнімдерін суррогатпен күрес мақсатында мемлекеттік деңгейде реттеу мәселесін қарастыру туралы ұсыныс жолдамақ.
Жастардың бұл бағытта нақты ұсыныстары бар. Олар адал кәсіпкерлерге жаңа шектеулер енгізуге емес, қолданыстағы заңнаманы ретке келтіруге, оны бұзғандарға жауапкершілікті күшейтуге, суррогат алкоголь өндіретін және сататын тұлғаларды нарықтан шығаруға негізделген.
Біріншіден, құқық бұзушылықтарды дұрыс саралау қажет. Бұл жосықсыз сатушылардың айыппұл төлеп қана қойып, өз «кәсібін» жалғастыруына жол бермейді.
Екіншіден, құқық қорғау органдарының өкілеттіктерін нақты айқындау ұсынылады. Бұл құқық бұзушылықтарды рәсімдеу мен қарау процесінің созбалаңға салынуына жол бермейді.
Үшіншіден, алкоголь сатып алушының жасын міндетті түрде бақылау тетігін енгізу қажет. Яғни кәмелетке толмағандарға алкоголь сатқан жағдайда жауапкершілік тек кассирге ғана емес, сауда нүктесінің иесіне де жүктелуі тиіс.
Сонымен бірге заңбұзушылардың «қара тізімін» жасап, олардың қайтадан лицензия алуына жол бермеу, ІІМ, Қаржылық мониторинг агенттігі және салық органдарының бірлескен рейдтерін ұйымдастыру, алкогольді онлайн сату мен жеткізу тәртібін ретке келтіру, сауда нүктелері иелерінің жеке жауапкершілігін енгізу және қоғамдық мониторингті күшейту ұсынылып отыр.
Соңғы бағытты «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің белсенділері өз мойнына алған. Олардың бастамасының нәтижесі де бар: үш жыл ішінде «Суррогат» жобасы аясында «паленый» алкоголь сатылған 1000-нан астам сауда нүктесі анықталған.