Жазғы демалыс. Қалада да, аймақтарда да жаз кезінде табыс табуға ұмтылып, жасөспірім кезінен еңбекке араласа бастаған оқушыларды көптеп кездестіруге болады. Қалаларда курьер, даяшы болып жұмыс істеп жүрген, ал ауыл-аймақтарда бау-бақшада қарбыз, қауын жинап, балмұздақ тасып жүрген жасөспірімдерді көргенде көңіл қуанады.
Өйткені бұл – баланың өмірді ертерек тануы, өз еңбегінің қадірін түсінуі. Жасөспірімнің жазғы демалысын бірнеше ай телефон қарап, уақыт өткізуге емес, еңбек етугу арнауының тәрбиелік рөлі зор. Уақытында тұру, жұмысқа кешікпеу, берілген тапсырманы орындау, адамдармен қарым-қатынас жасау, жауапкершілікті сезіну – мұның бәрі мектепте оқытылмайтын, бірақ өмірде аса қажет дағдылар.
Ал алғашқы тапқан ақшаның орны тіпті бөлек. Бала өз еңбегімен ақша таба бастағанда оның ақшаға деген көзқарасы өзгереді. Бұрын ата-анасынан сұрай салатын дүниеге енді басқа көзбен қарайды. Ақшаның оңай келмейтінін түсінген бала өз табысына, қажеттіліктеріне аса мұқият болады.
Қазақстан заңнамасы да кәмелетке толмағандардың еңбекке араласуына мүмкіндік береді, бірақ олардың жасына қарай арнайы талаптар қояды. Жасөспірімдердің жұмыс уақыты шектеулі. 14–16 жастағылар аптасына 24 сағаттан, ал 16–18 жастағылар аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс.
Кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта, үстеме жұмысқа, ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыстарға тартуға болмайды. Балалардың денсаулығы зиян келтіруі мүмкін жұмыс түрлеріне тыйым салынған.
Ал жұмыс беруші үшін жасөспірімдердің іске қосылуы жазғы маусымда қызметкер тапшылығын азайтуға, қарапайым маусымдық жұмыстарды атқаруға көмектеседі. Кәсіпкер үшін де бұл кезең өзінше тиімді. Бірақ осының бәрінен маңызды бір нәрсе бар.
Абзалында
Баланың еңбекке араласуы ата-ананың мәжбүрлеуі емес, баланың өз қалауы болғаны дұрыс.
«Жаз бойы жұмыс істейсің», «бізге ақша тауып көмектес» деп міндеттеу баланың еңбекке деген көзқарасын кері қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан еңбектің қандай екенін көрсін, еңбекпен келген ақшаның қадірін үйренсін деген ниеттен туған талап, амал бала үшін әлдеқайда пайдалы. Себебі өзі қиналып тапқан алғашқы аз ғана ақшасы оған еңбек, жауапкершілік және өмірдің шынайы құны туралы ата-анасының жылдар бойы айтқан сөздерінен де көп нәрсе үйретуі мүмкін.