Freedom Inside '26

Жасанды интеллект мамандарына арналған алғашқы «Болашақ» стипендиялары тағайындалды

Жасанды интеллект мамандарына арналған алғашқы «Болашақ» стипендиялары тағайындалды
Ақорда

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында 184 қазақстандыққа «Болашақ» халықаралық стипендиясын беру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ult.kz.

Конкурс қорытындысы бойынша стипендия иегерлерінің 137-сі шетелдік жоғары оқу орындарының магистратура бағдарламаларында, 10-ы докторантурада білім алады. Ал 37 қазақстандық жетекші шетелдік университеттер мен орталықтарда кәсіби тағылымдамадан өтеді.

Биылғы іріктеудің басты ерекшеліктерінің бірі – жасанды интеллект саласындағы мамандарға арналған алғашқы «Болашақ» стипендияларының тағайындалуы болды. Еске салсақ, өткен жылдың соңында Республикалық комиссия бұл бағыттағы кәсіби тағылымдамалар үшін арнайы санат енгізген болатын.

Сонымен қатар комиссия шешімімен 51 қазақстандық әлемнің жетекші ғылыми және зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге грант алды.

Отырыс барысында дарынды жастарды қолдауға бағытталған жаңа өзгерістер де мақұлданды. Енді «Болашақ» бағдарламасы бойынша бакалавриат деңгейінде білім алуға үміткерлер қатарына халықаралық шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері де енгізілді.

Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне берілетін.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин отырыс барысында «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі жетілдіру және бағдарламаның тиімділігін арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Мәліметке сәйкес, биылғы конкурсқа қызығушылық жоғары болған. Орта есеппен бір стипендиялық орынға алты үміткерден келген.