Шахтинскіде алкогольге мас 33 жастағы ер адам «газ баллонын жарып жіберемін» деп тұрғындарды қорқытқан. Қауіптің алдын алу үшін полицейлер бір кіреберістегі 35 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 2 қыркүйекте Карл Маркс көшесіндегі үйлердің бірінде болған. Полицияға пәтердегі шуға қатысты хабарлама түскен.
Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары ер адамның тұрғындарды газ баллонын жарып жіберемін деп қорқытып отырғанын анықтады. Қауіпсіздік шаралары үшін полицейлер кіреберісті босатып, 35 тұрғынды қауіпсіз жерге шығарды.
Полиция қызметкерлері ер адаммен келіссөз жүргізгеннен кейін ол пәтердің есігін ашқан. Тексеру кезінде оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Пәтерден газдың иісі сезілмеген.
Ер адам полиция бөліміне жеткізіліп, оған қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сотқа дейін ол уақытша ұстау камерасына қамалды.
Жиналған материалдар сотқа жолданады. Ер адамның қандай жауапкершілікке тартылатынын сот шешеді.