Қазақстандық әнші Зарина Омарова әлеуметтік желіде ұлының өзіне айтқан өтінішін жариялап, оқырмандардың пікірін сұрады. Алайда көпшіліктің назарын ұлының сөзі емес, желі қолданушыларының әншінің өзін танымағаны аударды, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі Threads парақшасында ұлының:
«Мен Зарина Омарованың ұлы болып танылғым келмейді. Өзім жетістікке жетіп, өз атыммен танылғым келеді» деген сөзін жариялаған.
Алайда жазбаның астына қалдырылған пікірлер арасында әншіні танымайтынын ашық жазғандар көп болды.
«Тынышталыңыз, сізді онсыз да ешкім танымайды», – деп жазды қолданушылардың бірі.
Тағы бір желі қолданушысы:
«Біз сізді танымаймыз, ұлыңыз алаңдамай-ақ қойсын», – деп пікір қалдырған.
Кейбір оқырмандар тіпті Зарина Омарованы басқа адаммен шатастырғанын жасырмады.
«Мен оның кім екенін білмеймін. Басында Зарина Заңғарова ма деп ойлап қалдым», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Сонымен қатар әншіні қолдап шыққандар да болды. Олар аға буын өкілдері мен қазақ эстрадасын жақсы білетін көрермендердің Зарина Омарова мен оның әкесі, белгілі әнші Марат Омаровты жақсы танитынын айтты.
Осылайша, ұлының жеке тұлға ретінде танылғысы келетіні туралы жазба күтпеген жерден әншінің танымалдылығы төңірегіндегі пікірталасқа ұласып, әлеуметтік желіде қызу талқыланды.