«Жапониядағы метро сияқты»: Алматы метросында жолаушылар қарасы қалыңдады

«Жапониядағы метро сияқты»: Алматы метросында жолаушылар қарасы қалыңдады
видеодан скриншот

1 қыркүйек күні таңертең Алматы метросында жолаушылардың көптеп жиналуына байланысты адам қарасы көбейді. Толып кеткен вагондар мен платформалардың кадрлары әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды ult.kz.

Ролик авторларының бірінің айтуынша, видео «Бауыржан Момышұлы» станциясында түсірілген. Жолаушылар метрополитендегі жағдайды Жапония мен Үндістандағы метроға ұқсатып, пойыздар санын көбейтуді сұрады.

Метро әкімшілігі жолаушылар ағынының күрт өсуін жаңа оқу жылының басталуымен байланыстырды. Мәлімет бойынша, 06:20-дан 14:00-ге дейін метро қызметін шамамен 40 мың адам пайдаланған.

Осыған байланысты пойыздардың қозғалыс кестесіне өзгерістер енгізілді. Таңғы және кешкі қарбалас уақытта құрамдар арасындағы интервал 3 минут 27 секундқа дейін қысқартылды.

Метрополитен қызметі жолаушылар ағынын бақылауды жалғастырып жатыр. Оқиға салдарынан зардап шеккендер немесе пойыз қозғалысының тоқтағаны туралы ақпарат жоқ.