Чарльз Мэнсон ешкімді өз қолымен өлтірмесе де, оның аты ХХ ғасырдағы ең қатыгез қылмыстардың символына айналды, деп хабарлайды ult.kz.
Чарльз Мэнсон - ХХ ғасырдағы ең қатыгез әрі ең танымал қылмыскерлердің бірі. Ол 2017 жылы 83 жасында Калифорния штатындағы ауруханада қайтыс болды. Мэнсон өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді.
Ол 1960-жылдары өзі құрған «Отбасы» (Family) қауымдастығы мүшелері жасаған қатыгез кісі өлтірулерден кейін танымал болды. Қауымдастық The Beatles әндерін өз бетінше бұрмалап, оларда нәсілдер арасындағы қақтығыс туралы жасырын үндеу бар деп сенген.
Мэнсонға қатысты ең шулы қылмыстардың бірі - 1969 жылы болды. Сол жылы кинорежиссер Роман Поланскидің жұбайы, актриса Шэрон Тейт қаза тапты. Ол жүктіліктің сегізінші айында болған. Сол түні Мэнсон тобы тағы төрт адамды өлтірген.
Бәрі қалай басталды?
Чарльз Мэнсон 1934 жылы 12 қарашада АҚШ-тың Цинциннати қаласындағы мемлекеттік ауруханада дүниеге келген. Анасы Кэтлин Мэддокс небәрі 16 жаста болған. Туған кезде оған «аты жоқ Мэддокс» (no name Maddox) деген есім берілген. Бір аптадан кейін ғана оған Чарльз Миллз Мэддокс деген есім қойылды.
Әкесі кім екені әлі күнге дейін белгісіз. Мэнсонның балалық шағы ауыр өткен. Анасы түрмеге түсіп, өзі тәрбиесі қиын балаларға арналған арнайы мекемелерде тәрбиеленген. Ол жерден жиі қашып кетіп, көлік пен велосипед ұрлаған.

20 жасында Мэнсонның алғашқы қылмыстық әрекетті басталды. Ол осы әрекеттері үшін алғашында шартты жаза алған, кейін 10 жылға сотталған. Оның сегіз жылын өтеп, 1967 жылы бостандыққа шыққан.
Мэнсонның естеліктеріне қарағанда, ол құрбысы Мэри екеуі Калифорнияны аралап жүргенде, қоғамнан өз орнын таба алмаған жастар оған келе бастаған. Олар «Отбасы» қауымының мүшесіне айналып, бір-бірін «аға», «қарындас» деп атап, жаңа есімдер алған.
Олардың негізгі мекені Спэн ранчосы болған. Бұрын ол жер вестерн фильмдерін түсіру үшін пайдаланылған. Ранчода «Отбасы» қауымдастығының мүшелері ән айтып, топтық жыныстық қатынасқа түсіп, «шайтанға құлшылық» рәсімдерін өткізіп, есірткі қолданған. Сонымен қатар жануарларды сойып, қанын ішкені айтылған.
Ең атышулы қылмыс
Мэнсон тобының алғашқы құрбандарының бірі актриса Шэрон Тейт болды. Онымен бірге оның достары Джей Себринг, Войтек Фриковски және Эбигейл Фолгер де өлтірілді. Кейінірек келген Стивен Пэрент те қаза тапқан.

Құрбандар аса қатыгездікпен өлтірілген. Оларды пышақпен аяусыз тілгілеген. Жалпы саны жүзден астам пышақ жарақаты салынған.
Мәліметке сәйкес, қылмыс болған күні үйдің кіреберіс есігі ашық қалған. Есіктің төменгі жағына қанмен «Pig» («доңыз») деген сөз жазылған. Бұл Шэрон Тейттің қаны болған. Сараптама қорытындысында Тейттің денесінен 16 пышақ жарақаты табылғаны, оның бесеуі өлімге әкелгені көрсетілген.
Осыдан кейін Лос-Анджелестегі танымал шаштараз, кофехана иесі және тағы басқа адамдар да өлтірілді. Полиция «Отбасы» қауымдастығы мүшелерін түгел ұстады. Оларды өлім жазасынан Калифорния штатында 1972 жылы бұл жаза жойылғаны ғана құтқарып қалды. Нәтижесінде сот Мэнсонға тоғыз мәрте өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Мэнсон мен оның тобы сот залында отырған кезде, бостандықта қалған жақтастары оған тағайындалған адвокатты өлтіріп кеткен.
Өздеріне қатысты ақпараттың БАҚ-та кең тарауына наразылық ретінде Мэнсон мен оның ізбасарлары маңдайларына свастика белгісін салған. Мэнсон сол тыртықпен өмірінің соңына дейін жүрген.

Түрмеде отырған кезінде Мэнсон 13 рет шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрап өтініш берген. Бірақ әр жолы бас тарту алған. Түрмеде өткізген жылдары ол өзін христиан белсендісі ретінде танытып, «Will You Die For Me?» (Мен үшін өлуге дайынсың ба?) атты автобиография жазған. Сонымен қатар үйленіп, төрт баланың әкесі атанған және жеке веб-сайт ашқан.
Қызықты дерек: рок әншісі Marilyn Manson өзінің сахналық лақап аты үшін «Мэнсон» тегін Чарльз Мэнсоннан, ал «Мэрилин» есімін Мэрилин Монродан алған. Әншінің айтуынша, ол осылайша «америкалық мәдениеттің екі символын» біріктірген.
Кісі өлтірушінің денесі кремацияланған
Чарльз Мэнсон 2017 жылдың қарашасында 83 жасында Калифорниядағы ауруханада қайтыс болды. Кейін оның денесін кім алатынына қатысты дау туындаған. Ақыры сот шешімімен мәйіт Мэнсонның немересімін деген Джейсон Фрименге берілді.

Сериялық қылмыскермен қоштасу рәсімі Калифорния штатындағы Портервиль қаласындағы жерлеу залында өткен. Рәсімге шамамен 20-25 адам, оның ішінде Мэнсонның туыстары мен достары қатысқан. Қоштасу сәті Мэнсондар әулеті туралы деректі фильм үшін видеоға түсірілген. Рәсімнен кейін Мэнсонның денесі кремацияланып, күлі белгісіз жерде шашылған.