Жанталасқан күндер: Бақытжан Базарбек жол апатынан кейінгі жағдайды айтты

Жанталасқан күндер: Бақытжан Базарбек жол апатынан кейінгі жағдайды айтты
parlam.kz

Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек өз қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді. Ол қазір оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Базарбектің сөзінше, тергеу аясында қажетті сараптамалар жүргізілуі керек. Ол өзі және жұбайы тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бергенін атап өтті.

«Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжамдар мен түрлі әңгімелерге жауап бере алмаймын. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін», – деді экс-депутат.

Бақытжан Базарбек үшін қазіргі таңда ең маңыздысы – жол апатынан зардап шеккен азаматтың денсаулығы екенін айтты.

«Қазір мен үшін ең бастысы – зардап шеккен азаматтың өзіне, жақындары мен туыстарына қолдау көрсетіп, қажетті көмек беру. Біз бірнеше күн бойы оның туған-туыстарымен бірге сауығып кетуін тілеп отырмыз», – деді ол.

Экс-депутат зардап шеккен азаматқа шұғыл медициналық көмек көрсеткен дәрігерлерге алғысын білдірді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде тараған түрлі ақпаратқа байланысты жұртшылықты асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

«Баршаңызды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырамын», – деді Базарбек.

Еске салайық, жол-көлік оқиғасы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жолда жеңіл автокөлік сиырды қағып кеткен. Кейін бірнеше адам жануарды жолдың жүріс бөлігінен алып тастауға тырысқан.

Осы кезде Бақытжан Базарбек тізгіндеген Toyota RAV4 автокөлігі жолда тұрған 36 жастағы ер адамды қағып кеткен.

Жаяу жүргінші ауыр жарақат алып, Тұрар Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалаған.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.