Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева келіні Ақерке Бүркітбайдың отбасындағы қуанышқа ортақтасып, жаңа құдаларымен танысты. Ақеркенің сіңлісі ұзатылып, әулет дүбірлі той өткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Қуанышты жаңалықты Ақерке Бүркітбай әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Ол сіңлісінің ұзату тойына арнайы келген қонақтарға алғысын білдіріп, ақ тілегін жеткізді.
"Ақиісімізді ұзаттық. Арнайы келіп, қуанышымызды бөліскен барша қонақтарымызға шын жүректен үлкен алғысымызды білдіреміз! Тойдың басынан аяғына дейін бірге болып, ақ тілектеріңізді айтып, атсалысып, тойымыздың көркін қыздырғандарыңызға мың алғыс. Әрбір жылы лебіздеріңіз бен ақ баталарыңыз біз үшін өте қымбат", – деп жазды Ақерке Бүркітбай.
Салтанатты кешке Роза Рымбаева да арнайы қатысқан. Әнші келінінің төркінімен бірге қуанышты сәтті бөлісіп, жас жұбайларға ақ батасын берді. Осылайша, өнер иесі келіні жағынан жаңа құдаларымен танысып, екі әулеттің қуанышына куә болды.
Айта кетейік, Ақерке Бүркітбай – әнші Әли Оқаповтың жары. Жұлдызды әулеттің келіні әлеуметтік желіде отбасы өмірінен түрлі сәттерді бөлісіп отырады.
Роза Рымбаева кім?
Роза Қуанышқызы Рымбаева – қазақ эстрадасының ең танымал өкілдерінің бірі, Қазақстанның халық әртісі.
Ол 1957 жылы 28 қазанда қазіргі Абай облысы аумағындағы Жаңғызтөбе елді мекенінде дүниеге келген.
Әнші кәсіби өнер жолын 1970-жылдары бастаған. Алғашында "Гүлдер", кейін "Арай" эстрадалық ансамбльдерінде солист болды.
Роза Рымбаева кең көлемде 1977 жылы Болгарияда өткен халықаралық "Алтын Орфей" фестивалінде Гран-при иеленгеннен кейін таныла түсті.
Бұл жеңіс сол кезеңдегі қазақ және кеңес эстрадасы үшін үлкен жетістік саналды.
Оның орындауындағы "Әлия" әні әншінің шығармашылық жолындағы басты туындылардың біріне айналды. Сондай-ақ "Атамекен", "Отандастар",
"Бір бала", "Сәулем-ай", "Куә бол", "Назқоңыр", "Жаңбырлы түн" секілді әндері халық арасында кең тарады.
Роза Рымбаева 22 жасында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атанды.
29 жасында оған Қазақ КСР-інің халық әртісі атағы берілді.
Ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Әнші "Құрмет" және "Парасат" ордендерімен марапатталған. Сондай-ақ Роза Рымбаеваға "Қазақстанның Еңбек Ері" жоғары атағы берілген.
Ол тек әнші ретінде емес, киноактриса және ұстаз ретінде де танылған.
Роза Рымбаева – профессор, бірнеше буын жас орындаушылардың қалыптасуына үлес қосқан өнер қайраткері.
2020 жылы оған Алматы қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Сондай-ақ ол Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы атанған.
2024 жылы Роза Рымбаеваға Қырғыз Республикасының халық әртісі атағы берілді.
Өнер иесінің ұлдары Әли Оқапов пен Мәди Рымбаевта шығармашылық салада еңбек етіп жүр.
Жарты ғасырдан астам уақыт сахнада жүрген Роза Рымбаева бүгінде қазақ эстрадасының символына айналған өнер қайраткерлерінің бірі.