Жамбылда темекі контрабандасымен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ әшкереленді

Жамбылда темекі контрабандасымен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ әшкереленді
24.kz

Жамбыл облысында Қазақстан аумағына таңбалаусыз темекі өнімдерін заңсыз әкеліп, өткізумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық схеманы Жамбыл облысының тұрғыны ұйымдастырған. Ол темекі өнімдерін Қырғыз Республикасынан заңсыз тасымалдауды жолға қойып, тауарды өзіне бағынышты адамдар арқылы өткізген.

Контрафактілік темекі негізінен Тараз қаласындағы сауда орындарында сатылып, кейін Алматы, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарына жөнелтілген.

Тергеу барысында 30-дан астам тінту жүргізіліп, заңсыз айналымнан жалпы құны 293 миллион теңгені құрайтын 319 мыңнан астам қорап таңбалаусыз темекі тәркіленді. Ал мемлекетке төленбеген акциз көлемі 115 миллион теңгеге бағаланған.

Агенттік мәліметінше, қылмыстық топ құрамында тауарды жеткізу мен қаржылық есеп айырысуды ұйымдастырған Қырғыз Республикасының азаматтары да болған. Қылмыстық кірістердің ізін жасыру үшін олар банктік жүйеден тыс жұмыс істейтін бейресми «Хавала» ақша аудару жүйесін пайдаланған.

Сот санкциясымен контрабандалық өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынып, бес күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

«Хавала» деген не?

«Хавала» – банктерді айналып өтетін бейресми ақша аудару жүйесі. Онда ақша бір елдегі делдалға беріледі, ал алушы басқа елдегі делдалдан арнайы құпия код арқылы қаражатты қолма-қол алады. Кейін делдалдар өзара есеп айырысады. Мұндай жүйе көбіне қаржы қозғалысын жасыру үшін пайдаланылатындықтан, құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында болады.