Жамбыл облысында әлеуметтік желілерде тараған даулы видеодан кейін жоғары лауазымды полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тексеру басталды, деп хабарлайды ult.kz.
Бейнежазбада Тараз қаласында патрульдік полиция қызметкерлері Сарысу аудандық әкімшілік полиция басқармасының бастығын тоқтатқан сәт түсірілген. Әлеуметтік желілердегі мәліметтерге сәйкес, ол көлікті мас күйінде басқарды деген күдікке ілінген.
Видеода әріптестерінің «Көлікті кім жүргізді?» деген сұрағына ер адамның «Қарындасым» деп жауап бергені естіледі.
Оқиға қоғамда қызу талқыланып, желі қолданушылары мұндай жағдайдың алғаш рет болып отырмағанын жазған.
Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Құқыққа қайшы әрекет жасағаны үшін аталған тұлға ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылады», – деп хабарлады ведомство.
Полиция департаменті заң мен қызметтік тәртіпті бұзудың кез келген дерегіне қатаң баға берілетінін атап өтті. Сондай-ақ кінәлі тұлғалардың лауазымы мен атағына қарамастан жауапкершілікке тартылуы тиіс екені айтылды.