Жамбыл облысында полицейлер 123 келі марихуананы сатпақ болған тұрғынды ұстады, деп хабарлайды ult.kz.
"Қарасора – 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Жамбыл облысы полиция департаментінің Дельта Долина ауданаралық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері 5513 әскери бөлімінің жасақтарымен бірлесіп, Шу ауданы Тасөткел ауылы маңындағы құмды алқапта есірткі өсімдіктерін жинап жүрген азаматты анықтады.
Ол сол аумаққа екі шатыр құрып, қаптарға тыйым салынған затты жинап отырған. Барлығы 123 келі кептірілген марихуана тәркіленді. Сондай-ақ қолғаптар, орақ және тағы басқа құралдар алынды. Белгілі болғандай, күдікті бұл марихуананы сатпақ болған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша барлық мән-жайды жан-жақты әрі толық анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.