Жамбыл облысында полицейлер мемлекеттік грант рәсімдеп беремін деген желеумен жасалған алаяқтықтың бірнеше дерегін тергеп жатыр. Қаскөйдің әрекетінен үш тұрғын 3,1 миллион теңгеден астам шығынға ұшыраған, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, Тараз қаласының полициясына үш ер адам арызданған. Олар жеке кәсіп ашуға немесе бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грантты алып беремін деген әйелдің құрбаны болған.
Тергеу барысында анықталғандай, 2026 жылдың ақпан айында жәбірленушілер әлеуметтік желіден ірі мемлекеттік грант рәсімдеуге көмектесу туралы жарнаманы көрген. Кейін көрсетілген сілтеме арқылы өтіп, күдіктімен мессенджерде байланыс орнатқан.
Өзін мемлекеттік бағдарламалар бойынша маман ретінде таныстырған әйел бұрын да көптеген азаматқа қайтарымсыз грант алып бергенін айтып сендірген. Біраз уақыттан кейін ол әрбір жәбірленушіге 13–13,6 миллион теңге көлеміндегі грант мақұлданғанын хабарлаған.
Алайда грантты рәсімдеу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, құжаттарды дайындау, конкурсқа қатысу және түрлі комиссиялық шығындарды төлеу қажет екенін айтып, азаматтардан ақша аударуды сұраған.
Нәтижесінде жәбірленушілер көрсетілген банк шоттарына 1 285 000 теңге, 1 090 400 теңге және 803 000 теңге аударған.
Ақшаны алғаннан кейін әйел гранттың жақын арада түсетінін айтып, уақыт созған. Алайда уәде етілген қаражат берілмей, көп ұзамай күдікті байланысқа шығуды тоқтатқан. Осыдан кейін жәбірленушілер полицияға жүгінген.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды әлеуметтік желілердегі күмәнді жарнамаларға сенбеуге, бейтаныс адамдардың есепшотына ақша аудармауға және мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге шақырды.