Атырау қаласында 57 жастағы тұрғын әлеуметтік желі арқылы тараған шетелде жұмысқа орналастыру туралы жалған хабарландыруға сеніп, алаяқтардың құрбаны болды, деп хабарлайды ult.kz.
Белгісіз тұлғалар жәбірленушімен байланысып, Еуропа елдерінде жұмысқа орналастыру және еңбек визасын рәсімдеу қызметін ұсынған. Сенімге кірген алаяқтар оның 660 мың теңге көлеміндегі қаражатын дропперлердің банк шоттарына аудартқан.
Алайда Атырау облысы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Нұрбек Нұғмановтың жедел әрекетінің нәтижесінде қаражаттың одан әрі қозғалысы тоқтатылып, толық көлемде иесіне қайтарылды.
Құқық қорғау органдары азаматтың қаржылық шығынға ұшырамауына мүмкіндік берді.
Полиция тұрғындарға әлеуметтік желідегі күмәнді жұмыс ұсыныстарына сенбеуге, ақша аудармас бұрын ақпаратты мұқият тексеруге және жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді. Күдік туындаған жағдайда 102 нөміріне хабарласу қажет.