Жалған жүктілік анықтамасын көрсеткен: Павлодар облысында мас күйде көлік жүргізген әйелге жаза күшейтілді

Жалған жүктілік анықтамасын көрсеткен: Павлодар облысында мас күйде көлік жүргізген әйелге жаза күшейтілді
Freepik

Павлодар облысында мас күйде көлік жүргізіп, жол апатына себепкер болған әйелге қатысты сот шешімі қайта қаралды, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Ақсу қаласының тұрғыны жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеп, алкогольдік ішімдік ішкен күйде жол-көлік оқиғасын жасаған.

Іс сотта қаралған кезде әйел жүктілігі туралы анықтама ұсынып, соның негізінде оған тағайындалуы тиіс әкімшілік қамау жазасы айыппұлмен алмастырылған.

Алайда прокуратура жүргізген тексеру барысында ұсынылған медициналық құжаттың жалған екені анықталды. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 416-бабы («Дәлелдемелерді және жедел-іздестіру, қарсы барлау материалдарын бұрмалау») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сонымен қатар полиция қызметкерлеріне қатысты да жеке тергеу жүргізіліп жатыр.

Прокуратура апелляциялық өтінішхат енгізіп, айыппұлды әкімшілік қамауға ауыстыруды сұрады.

Нәтижесінде облыстық соттың апелляциялық алқасы бұрынғы шешімді өзгертіп, әйелді 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы қаулы шығарды.