Оралда алаяқтар жалған төлем түбіртегін көрсетіп, құны 10 млн теңге болатын құрылыс материалдарын алып кетпек болған. Полицияның жедел әрекетінің арқасында тауар кәсіпкерге толық қайтарылды, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 20 тамызда болған. Белгісіз адамдар кәсіпкерден құрылыс материалдарына тапсырыс беріп, тауар ақысын төлегенін растайтын жалған құжат жіберген. Кәсіпкер тауарды жүк көлігіне тиеп бергеннен кейін ғана төлем түбіртегінің жалған екенін анықтаған.
Ол бірден полицияға хабарласқан. Тәртіп сақшылары жүк көлігінің мемлекеттік нөмірін патрульдік экипаждарға беріп, көлікті іздеуге кірісті.
Көп ұзамай жүк көлігі жол бойында тоқтатылып, құрылыс материалдары полицияның сүйемелдеуімен кәсіпкердің базасына жеткізілді.
Кәсіпкер Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлеріне жедел әрі үйлесімді әрекеті үшін алғыс білдірді.
Полиция азаматтар мен кәсіпкерлерді жалған төлем түбіртектеріне сенбеуге шақырды. Тауарды жөнелтпес бұрын қаражаттың есепшотқа нақты түскеніне көз жеткізу қажет.