Жалған несие арқылы 3 млрд теңгені жымқырған қылмыстық топқа үкім шықты

Жалған несие арқылы 3 млрд теңгені жымқырған қылмыстық топқа үкім шықты
Видеодан скриншот

Түркістан облысында 3 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған ұйымдасқан қылмыстық топтың 27 мүшесіне сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.

Сот үкіміне сәйкес, сотталушылардың әрқайсысына қылмыстағы рөліне қарай 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 2016–2021 жылдар аралығында «КТ Яссы Несие» ЖШС басшылығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы ірі қара мал сатып алуға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты жымқырудың күрделі схемасын ұйымдастырған.

Тергеу деректеріне сәйкес, несие алу үшін жалған тұлғалардың атына шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер тіркелген. Олардың атынан қолдан жасалған бизнес-жоспарлар, құқық белгілейтін құжаттар және шын мәнінде жоқ кепіл мүлкі ұсынылған.

Сонымен қатар, несие мамандары жалған қорытындылар мен тексеру актілерін әзірлеп, қаражаттың мақсатты пайдаланылғаны туралы жалған құжаттар рәсімдеу арқылы несиелердің заңды берілгендей көрінісін жасаған.

Бағалаушылар мен кепіл мамандары жалған бағалау есептерін дайындап, іс жүзінде жоқ немесе нақты құнынан әлдеқайда жоғары бағаланған мүлікті кепіл ретінде көрсеткен. Ал нотариустар сыйақы алып, кепіл мүлкіне қатысты жалған құжаттарды куәландырған.

Тергеу барысында 33 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі анықталды. Қылмыстық схема арқылы 24 жалған несие рәсімделіп, кепіл ретінде шын мәнінде жоқ 54 нысан ұсынылған.

Сот шешімімен мемлекет кірісіне 19 тұрғын үй, 10 жер учаскесі, 2 пәтер, 4 коммерциялық нысан және 4 автокөлік тәркіленді.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.