Ыстықкөлде қазақстандық турист жасөспірім қызды аяусыз ұрған (ВИДЕО)

Ыстықкөлде қазақстандық турист жасөспірім қызды аяусыз ұрған (ВИДЕО)
Коллаж: видеодан кадр

Әлеуметтік желілерде Қырғызстандағы Ыстықкөл жағалауында болған жанжалдың видеосы кеңінен тарады. Кадрларда қазақстандық туристер мен жергілікті тұрғындар арасында жанжал туындап, соның салдарынан жасөспірім қыздың жарақат алғаны көрінеді, деп хабарлайды ult.kz.

Осыдан кейін бірнеше әйел арасында жанжал ушығып, төбелеске ұласқан. Оқиға орнында болған ер адамдар оларды ажыратуға тырысқан.

Тағы бір бейнежазбада жерде отырған жарақат алған жасөспірім қыз көрінеді. Жиналғандар оған су беріп, алғашқы көмек көрсетуге әрекеттенген. Осы сәтте жанжалға қатысқан әйелдердің бір-біріне ауыр сөздер айтып, айқайлағаны байқалады.

Оқиға куәгері болған Өзбекстан азаматының айтуынша, жанжал қоқысқа байланысты туындаған.

Оның сөзінше, бір топ қыз жағажаймен өтіп бара жатқан кезде жел ұшырған қоқыс жағалауда отырған әйелдің жанына түскен. Әйел қоқысты қыздардан жинауды талап еткен. Қыздар қоқыстың өздеріне тиесілі емес екенін айтқанымен, оны жинауға қарсы болмаған. Алайда осыдан кейін әйел оларды балағаттап, кейін қыздардың бірінің басы мен мойнынан ұстап, күш қолданған.

Куәгердің айтуынша, айналадағы адамдар араша түсуге тырысқанымен, әйел жасөспірімді жерге құлатып, теуіп, ұра бастаған.

Оқиға салдарынан қыз миы шайқалып, мұрны сынған күйде медициналық мекемеге жеткізілгені хабарланды.

Аталған оқиғаға қатысты Ыстықкөл облыстық ішкі істер басқармасы пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, бұл дерек Ыстықкөл аудандық ішкі істер бөлімінде тіркеліп, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тексеру жүргізілуде. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.