ХҚКО-дағы заңсыз схема: шетелдіктерден жарты миллиард теңге жиналған

ХҚКО-дағы заңсыз схема: шетелдіктерден жарты миллиард теңге жиналған
ашық дереккөз

Астанада ХҚКО қызметкерлері шетелдіктерге құжаттарды заңсыз рәсімдеп, үш жылдан астам уақыт бойы схема жүргізген. Тергеу мәліметінше, заңсыз айналым жарты миллиард теңгеден асқан, деп хабарлайды ult.kz.

Астана қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты іс бойынша 10 адамға үкім шығарды. Олар заңсыз көші-қон ұйымдастырып, пара алған және қызметтік өкілетін пайдаланған.

Шетелдіктер Қазақстанда уақытша болуға рұқсат пен ЖСН алу үшін делдалдарға ақша төлеген. Делдалдар қаражаттың бір бөлігін ХҚКО қызметкерлеріне берген.

Сот бұрынғы полиция қызметкері Жауқазын Қорабаеваны 12 миллион теңгеден астам ақша алғаны үшін 7 жылға соттады. «Азаматтарға арналған үкіметтің» үш қызметкері де 7 жылға, тағы бірі 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Делдалдар арқылы 193, 196 және 117 миллион теңге өткен. Олар айыппұлмен жазаланды. Тағы екі адамға бас бостандығынан айыру және шектеу жазасы тағайындалды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.