Ханзада Гарри мен Меган Маркл Ұлыбританияға оралуды жоспарлап отыр

Ханзада Гарри мен Меган Маркл Ұлыбританияға оралуды жоспарлап отыр
ашық дереккөз

Ханзада Гарри мен Меган Маркл АҚШ-тағы алты жылға жуық өмірінен кейін Ұлыбританияға біржола оралуды жоспарлап отыр. Бұл туралы BBC дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Британдық БАҚ мәліметінше, Сассекс герцогы мен герцогинясы Калифорниядан тамыз айының соңында көшуді жоспарлап отыр. Ерлі-зайыпты Лондоннан тыс орналасқан жеке резиденцияға қоныстанбақ.

Көшудің негізгі себептерінің бірі – балаларының білімі. Жеті жастағы ханзада Арчи мен бес жастағы ханшайым Лилибет қыркүйек айында Ұлыбританиядағы мектепке баруы тиіс.

Король отбасы қалай қабылдады?

Хабарланғандай, король III Карл ұлының жоспарынан ресми түрде хабардар болған. Монарх бұл жаңалыққа оң көзқарас білдіріп, немерелерімен жиі кездесуге мүмкіндік туатынына қуанышты екенін жеткізген.

Сондай-ақ ханзада Уильям мен ханшайым Кэтрин де Гарри мен Меганның Ұлыбританияға оралу жоспарын біледі.

Алайда олардың елге оралуы корольдік отбасының ресми міндеттеріне қайта қосылуды білдірмейді. Ерлі-зайыпты жеке тұлға ретінде қала береді.

Гарри мен Меганның корольдік отбасымен қарым-қатынасы 2020 жылдан бері шиеленісті болып келген. Жағдайдың өзгеруіне биыл шілдеде ерлі-зайыптының балаларымен бірге III Карлмен Глостерширде кездесуі ықпал еткен. Бұл олардың соңғы төрт жылдағы алғашқы жүздесуі болған.

Сонымен қатар Гарри мен Меганның Ұлыбританиядағы қауіпсіздігі мәселесі әзірге толық шешілген жоқ. Бұған дейін ханзада Гарри Ұлыбритания Ішкі істер министрлігімен соттасып, мемлекеттік полиция күзетін қайта беруді талап еткен еді. Алайда сот оның талабын қанағаттандырмаған.

Әзірге Букингем сарайы мен ханзада Гарридің өзі бұл ақпаратқа қатысты ресми пікір білдірген жоқ.