Қаржылық мониторинг агенттігі Интерполдың қолдауымен халықаралық іздеуде болған Ұлан Мұхтарұлы Байболовты Корея Республикасынан Қазақстанға экстрадициялады, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, Байболов салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жүйелі түрде төлеуден жалтарған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болған.
ҚМА дерегіне сәйкес, топ кәсіпорындарды сатып алып, оларды жалған басшылардың атына қайта тіркеген. Кейін бұл компаниялардың банк шоттары арқылы қаржылық операциялар жүргізіліп, салық есептілігіне жалған мәліметтер енгізілген. Қаражаттың бір бөлігі кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Тергеуде аталған схемада пайдаланылған кәсіпорындардың бірі – «Сфера» ЖШС. 2014 жылы Ұлан Байболов осы серіктестіктің директорының орынбасары қызметіне тағайындалған.
Тергеу мәліметінше, топ мүшелері серіктестіктің есеп айырысу шоттарынан 2,5 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұдан бөлек, қосымша есептелген салық көлемі 1 млрд теңгеден асқан.
Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. ҚМА Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, әзірге өзге ақпаратты жария етпейтінін мәлімдеді.