Танымал асаба Сабыржан Түзелбаев тойда өрт сөндірушіге айтқан тілегіне қатысты түсініктеме берді. Бұған дейін оның «өрт көп болсын» деген сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, асаба сынға ұшыраған болатын, деп хабарлайды ult.kz.
Сабыржан Түзелбаевтің айтуынша, оның сөзі толық нұсқада әлеуметтік желіге шықпаған. Асаба өрт сөндірушіге керісінше, жұмысында өрттің аз болғанын тілегенін жеткізді.
«Өрт сөндіру саласында жұмыс істесең, жұмысың жоқ болсын. Өрт болмасын. Жұмыстан шығып, басқа жұмысқа тұрыңдар дегенім. Бұл жерде артық әңгіме жоқ. Контент болып қалады. Соңын қиып тастаған. Әзіл “қайда жұмыс істейсің? Пожаркада” деп басталған. “Өртің көп болсын” дегеннен кейін “Алла сақтасын” деген жерін қиып тастаған», – деді ол.
Асаба жаз мезгілінде өрт оқиғаларының жиілейтінін айтып, өрт сөндірушілерге қауіпсіздік тіледі.
«Өрт болмасын. Су тасқынынан, жол апатынан, өрттен сақтасын», – деді Сабыржан Түзелбаев.
Оның түсініктемесінен кейін де әлеуметтік желі қолданушылары оқиғаға қатысты пікір білдіріп, «халық бірден жерге түсірді» деген пікірлерін жазды.
Айта кетейік, бұған дейін асабаның той үстінде өрт сөндірушіге «өрт көп болсын» деген тілегі көпшіліктің наразылығын тудырған еді.