«Хабар» телеарнасының журналисі дүниеден өтті

«Хабар» телеарнасының журналисі дүниеден өтті
ашық дереккөз

Белгілі журналист, «Хабар» телеарнасының «Жеті күн» бағдарламасының редактор-талдаушысы Индира Орынбайқызы Жылқайдарова дүниеден өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді.

Индира Жылқайдарова 2015 жылдан бастап «Хабар» агенттігінде еңбек еткен. Соңғы жылдары «Жеті күн» бағдарламасында редактор-талдаушы қызметін атқарды.

Ол парламенттік журналистикаға, қоғамдық-саяси мәселелерге және еліміздің заң шығару үдерісін ақпараттық тұрғыдан жария етуге ерекше көңіл бөлді. Журналист ел өміріндегі маңызды оқиғаларды талдап, өзекті мәселелерді көрерменге жедел әрі шынайы жеткізуге үлес қосты.

Индира Орынбайқызының кәсіби еңбегі түрлі журналистік байқауларда жоғары бағаланған.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындары мен әріптестеріне көңіл айтты.

«Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардақты жанның жарқын бейнесі туған халқының жадында мәңгі сақталады деп сенеміз», – делінген министрлік хабарламасында.